Алматыдағы құрылыс базары өртенді

03.07.2022 в 17:06

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минутта жетті

Алматыда өрт сөндірушілер 3 шілде түнгі уақытта "Бақорда" құрылыс базарынан шыққан өртті сөндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минутта жетті. Анықталғандай, құрылысы жүріп жатқан сауда орталығы жанындағы құрылыс базары отқа оранған. Өрттің көршілес ағаш қатарлар мен салынып жатқан ғимаратқа жайылу қаупі төнді.

"Өрт болған жерде жедел штаб шұғыл іске кірісті. Өрт сөндіру автопойызы іске қосылды, үйінділерді аршу үшін құтқару қызметінің ауыр шынжыр табанды техникасы тартылды. Өртті сөндіруге 21 техника мен жеке құрамнан 64 адам жұмылдырылды", - деп атап өтті қалалық ТЖД.

Жоғары шақырту рангы бойынша жедел қолға алынған шаралар нәтижесінде өрт бір сағат ішінде, түнгі 4:04-те ауыздықталды, таңғы 6:35-те толық сөндірілді. Өрт ауданы 2 мың шаршы метрден асты.

Өрт сөндірушілер базардың барлық аумағын – 24 мыңнан аса шаршы метрді (құрылыс базарының жалпы ауданы – 26 мың шаршы метрден астам) өрттен аман алып қалды.

Сондай-ақ ТЖД қызметкерлері "Бақорда" базары аумағында салынып жатқан сауда орталығы ғимаратына өрттің таралуына жол бермеді.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.