Алматыда қоймалардан шыққан өрт екі сағатта сөндірілді

20.08.2022 в 17:15

Өрт орнында жеке құрамның 55 адамы, Өрт сөндіру қызметінің 15 техникасы, өзара іс-қимыл қызметтері жұмыс істеді

Жетісу ауданында Ангарская көшесінің бойында сағат 11:00 шамасында ангар үлгісіндегі қоймалар аумағынан өрт шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Өрт шыққан жерге қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аттанды. Жалын көрші қоймаларды да шарпуы мүмкін еді.

"Жедел штаб жұмыс істеп, үш өрт сөндіру орны құрылды. Өртті сөндіруге қоймалардағы тез тұтанғыш заттар мен ангараралық кеңістіктерге кіру қиындық тудырды. «Алматы Тазалық» мекемесінің техникаларымен және өрт сөндіру автокөлігімен су дер кезінде, үздіксіз қамтамасыз етілді", -  деп жазды Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Өрт 12:42-де оқшауландырылып, 13:12-де толық сөндірілді.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрт орнында жеке құрамның 55 адамы, Өрт сөндіру қызметінің 15 техникасы, өзара іс-қимыл қызметтері жұмыс істеді.

"Қабылданған шаралардың арқасында жалпы ауданы 400 шаршы метрден асатын іргелес ангарды өрттен қорғауға мүмкіндік туды", – делінген Алматы ТЖД таратқан хабарламада.