Елордада құрылысшы 16-қабаттан құлап, мерт болды

14.08.2023 в 14:56

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Елордада 16-шы қабаттан құлаған құрылысшы мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Осы жылдың 12 тамызында Астана қалалық полиция департаменті Алматы аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне құрылыс нысанында 16-қабаттан адамның құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барды. Құрылыс жұмыстары барысында жұмысшының желдету шахтасына құлағаны анықталды. Ол алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды», - деп атап өтті қалалық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған факті бойынша еліміздің Қылмыстық кодексінің 277-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған.