Алматыда мопедшілердің қатысуымен 276 жол апаты тіркелді

20.04.2022 в 18:44

Салдарынан 297 адам әртүрлі дене жарақатын алса, 5 тұрғын тіл тартпай кетті

Алматыда мопедшілердің қатысуымен 1 жылда 276 жол апаты тіркелді. Салдарынан 297 адам әртүрлі дене жарақатын алса, 5 тұрғын тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полиция департаментінің дерегінше, қайғылы жағдайға жол ережесінің сақталмауы себеп болыпты. Сондықтан алматылық тәртіп сақшылары рейд жүргізіп, тәртіп елемеген мопедшілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Патрульдік полицейлер жол ережесін өрескел бұзған мопедшілермен қатар, қарапайым талаптарды елемейтіндерді де тоқтатты. Тәртіп сақшылары: «Осылайша істі насырға шаптырмай, қауіптің алдын алып отырамыз» дейді. Олардың мәліметінше, жол ережесін көбіне тапсырыс жеткізуші курьерлер сақтай бермейді.

Тәртіп сақшылары мопедшілерге бұл жолы түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту ғана айтты. Жүргізушілердің құжатымен қатар, көлік құралын да тексерді. Белгілі болғандай кейбір жүргізушілер тіпті жол ережесін біле бермейді екен.

«Негізі заңнамаға сәйкес, мопедтің қозғалтқыш көлемі 49 кубтан асқан жағдайда мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Мопед жүргізушісінің тиісті санатта жүргізуші куәлігі болуы міндетті», – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Аян Бақытов.

Қала тұрғындары мопедшілер мен самокатшылардан әбден мезі болдық дейді. Сөздерінше, кейбірі уақыт үнемдеу үшін онсыз да тар жолға түсіп алып, қағып та кеткен жағдайлар кездесіпті.

Еске салсақ, былтыр күзде сенатор Нұртөре Жүсіп «8 айда 25 адам қаза тапты» деген деректі алға тартып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Электр самокаттарды әкелу және қауіпсіз пайдалану тәртібін реттеуді талап етті.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы