Атырауда шөппен бірге өртеніп кеткен балаларға қатысты тың деректер шықты

06.10.2021 в 21:15

Күшікпен ойнап жүрген жеткіншектер өрт шыққанда шөп ішінен шыға алмай қалған

Атырау облысының Махамбет ауданында қорадағы бума шөп өртеніп 3 бала қайтыс болды. Тілсіз жау кешкі сағат 19.00 шамасында тұтанып, түнгі сағат 23.00 шамасында сөнген. Көп ұзамай аудандық полиция бөліміне кәмелет жасына толмаған үш баланың белгісіз жағдайда жоғалғаны туралы хабарлама келген. Өкінішке қарай, іздестіру шарасында балалардың денесі өртенген шөп арасынан табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Ауыл адамдарының айтуынша, сабақтан кейін ойын уақытында келеңсіз оқиғаға тап болған жеткіншектер күшік ойнатып жүріп, үйілген шөп арасына кіріп кеткен. Ал өрт шыққан сәтте шығарға тесік таппаған ойын балалары өрт арасында қала берген көрінеді.

«Біз іздеуге шыққанда тұрды. Бірақ ешкімге ештеңе айтқан жоқ. Мен ендігі түсіндім. Жайықтың бәрін айналып, қарап келдік. Сосын «Сол жерге барып, дұрыстап сұрайықшы» деп айттым. Әлденені ішім сезгендей болдым. Содан соң біз барып, қоймай сұрағанымызда: «Жақсы, жігіттер, жиналыңдар! Үш бала бақилық болды» деп айтты. Ал оған дейін біз балаларды басқа жақтан бекерге іздеп жүріппіз», – деді Ортақшылдық ауылының тұрғыны Ардақ Есбосынов.

«Өрт кешкі сағат 17.00 шамасында жанды. Содан кейін барып, ауылдың бір кісісі «Қораның ішін қарадыңдар ма?» деп сұрады, сонда барып бір-ақ қарады», – деді Ортақшылдық ауылының тағы бір тұрғыны Алтын Әбенова.

Қызыл жалынды ауыздықтап болған соң көп ұзамай балалар жоғалды деген хабарды естіген ауыл тұрғындары мен ізкесушілер бірден іздестіру шарасына кіріскен. 

«Сол ауылда тұрғын үйдің қора-жайы өртеніп, сол өрт орнынан 3 жеткіншек баланың мәйіті табылды. Сот медициналық сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Тілсіз жау кесірінен 7 мен 9 жас аралығындағы үш бірдей бүлдіршіннен айырылған ортақшылдықтар кімді кінәларын білмей дал. Өрттің салдары әзірге анықталып жатыр.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан