Тілсіз жау: Петропавлда төтенше жағдай жариялана ма

10.05.2023 в 19:29

Өңірде қамыс жанып 9 баспана түгелдей жанып кетті

Петропавлда болған өртке байланысты төтенше жағдай жарияланатын болады. Бұл туралы қалалық әкімдік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай шешім осыдан 3 күн бұрын болған өрт салдарын жою мақсатында қабылданған. Есте болса, мереке күндері Береке ықшамауданында қамыс жанып, тілсіз жау жеке секторға жайылған еді. 

Қатты желдің әсерінен қызыл жалын тез тарап, 9 баспана түгелдей жанып кетті. Тағы екеуі қазір тұруға жарамсыз. Сондықтан бүгінде он бір отбасының жетеуі уақытша баспанаға жайғасты. Қалған төрт жанұя туған-туыстарын паналауға мәжбүр. Үйсіз қалғандар «мәселені бұған дейін шешуге болар еді» деп шағымданып жатыр.

– Біз осында ұйықтаймыз. Баспана берілмейінше, осында түнеп, аумақты тазартуға мүмкіндік бермейміз. Екі күн көлікте түнеп шықтық. Баспана таба алмай жүрміз. Пәтерді жалға берушілер осы жағдайды пайдаланып, үй бағасын қымбаттатып жіберген, – деді қала тұрғыны Бахытжан Сарманова.

«Баспанасыз далада қаламыз» деп еш ойламаған жұрт енді не істерін білмей дал. Амалы таусылған тұрғындар темір терсек жинап, металл өткізетін жерге тапсыруға мәжбүр. Үйі өртеніп кеткендердің бірі – Надежда Новикова биліктен баспана беруді талап етіп отыр.

– 5 минуттың ішінде үй өртеніп кетті. Мұндай өрт 2 жыл бұрын да болған. Неліктен қамыс дер кезінде шабылмаған? Бұл үшін арнайы қызмет бар ғой. Бізге баспана беруін талап етеміз. Ақша керек емес. Олар бөлген қаражатқа баспана сатып ала алмаймыз, – деді қала тұрғыны Надежда Новикова.

Зардап шеккен баспана иелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық өтемақы төленетін болады. Ал төтенше жағдай жарияланған соң, арнайы мамандар барлық шығынды есептейді. Әзірге үйсіз қалғандарға уақытша баспана беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Ашық үкіметтік емес ұйымдардың сайтында төтенше жағдайды енгізуге қатысты жоба енгізілді. Қазір ол онлайн қаралып жатыр. Қаралғаннан кейін Әділет департаментіне жіберіледі. Тіркелгеннен кейін төтенше жағдай жарияланатын болады. Төтенше жағдайда зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмекті заң аясында көрсетілуі қажет, – деді Петропавл қаласы әкімдігіінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәуақасова.

Мамандар келтірілген материалдық шығынды есептеуге енді ғана кіріспек. Әкімдіктің сөзіне сенсек, бұл жұмыс 2 айдың ішінде шешілуі тиіс.

Нұргүл Алина, Дамир Ескендіров, «Алматы» телеарнасы, СҚО-нан