Краны көпқабатты үйге құлап кеткен мердігер жазаланады - әкімдік

28.04.2022 в 22:24

Нұр-Сұлтанда тұрғын үйдің алтыншы қабатына кран құлаған

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі тұрғын үйге кранның құлауына қатысты тексеру жүріп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының еңбек инспекциясы автокранды тексеріп, қорытындысында жүк көтеру механизмін іске асыруда өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері бұзылғанын анықтады. Аталған оқиғаны тергеу қорытындысына сәйкес мердігерге Қазақстан заңы бойынша шара қолданылады. Оқиға болған жерге қалалық қызметтер: Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті, «Есіл» ауданы әкімі аппараты, «Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мамандары барды», - деп жазылған әкімдік мәліметінде. 

Ресми ақпарат бойынша, арнайы құрылған жұмыс тобы қаланың құрылыс объектілеріндегі 121 мұнаралы кранды тексерген. 

«Тексеру қорытындысында 81 кранның жұмысынан ереже бұзу фактілері анықталды. Мұнаралы крандардың техникалық құжаттамасының болмауы ереже бұзуға негізгі себеп болып отыр. Аталған мұнаралы крандардың жұмысы кемшіліктер қалпына келгенше тоқтатылды», - деп жазады әкімдіктің баспасөз қызметі.