Шойын жолдағы апат: құзырлы органдар оқиғаның себеп-салдарын анықтауда

17.07.2023 в 18:53

Жолға шыққан азаматтар сағаттап күтуге мәжбүр

Шу ауданындағы Аспара стансасында «Тараз-Шу» бағытындағы жүк пойыздары шойын жолдан шығып кетті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, тек вагондардың біріндегі күзетші жарақат алып, ауруханаға жеткізіліпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиға сағат 2:00 шамасында Аспара стансасында болды. Тараз-Шу бағытындағы жүк пойызы жолдан шығып кетіп, салдарынан 1 электровоз, 1 тепловоз және 4 вагон аударылып қалған. Апаттан кейін 13 бағыттағы жолаушылар пойызының қозғалысы шектелген.

– Біздің Жамбыл бөлімшесі бойынша 13 пойыз тоқтап тұр. деген. Аспара стансасының басында қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын уақытта аяқталады, – деді Тараз вокзалының басшысы Дидар Мүсіретәлиев.

Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстарына 100-ден астам маман жұмылдырылып, бағыттар қайта реттелуде. Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті арнайы штаб құрып, жедел желіні іске қосқан.

– Қазіргі уақытта Жамбыл облысы ТЖД жедел штабы құрылды. Медицина қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр, – деді Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Қайрат Оразбаев.

Мұнымен қоса, апат салдарынан жолаушылар пойыздары уақытша тоқтатылған. Жолға шыққан азаматтар сағаттап күтуге мәжбүр.

БЛИЦ:

– Мынау біздің пойыз, бірақ біз жүре алмай отырмыз. Мұндағылар пойыз әрмен қарай жүрмейтінін айтады. Енді қайтеміз?

– Біз таксимен кете беруді жөн көріп отырмыз. Себебі таңығысын Алматыда ұшағымыз бар.

Айта кетейік, апат болған вагондардың басым бөлігі бос болған. Тек қана бір ғана вагонға қарбыз жемісі тиелген екен. Қазіргі сәтте құзырлы органдар оқиғаның себеп-салдарын анықтауда.

Жомарт Есқара, Тілеуқабыл Саржан, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан