Майқайың шахтасындағы апат: қаза тапқан құтқарушылардың отбасына материалдық көмек төленді

01.02.2024 в 19:24

Берілетін көмек осы төлеммен шектелмейді

Майқайың шахтасында қаза тапқан құтқарушылардың отбасына материалдық көмек толық көлемде төленді, – деп хабарлайды Almaty.tv.

Қосымша сақтандыру ақысын жасау туралы мәселе де қаралып жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желіде құтқарушылардың бірінің қызы көмектің жартысы ғана төленді деп ақпар таратқан еді. Сұрауымызға жауап берген Павлодар облысының әкімдігі мұны жоққа шығарды. Жергілікті билік «қаза тапқан құтқарушылардың әрқайсына 4,5 млн теңге материалдық көмек көрсетілді» дейді.

– Отбасыларға берілетін көмек осы төлеммен шектелмейді. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайың-алтын» АҚ-дан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтауда. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады, – деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметшісі Жансерік Қапзолла.

Жалпы айтылған 4,5 миллион теңгенің 2 миллионы «Майқайың-алтыннан» берілсе, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық деңгейдегі орталық штабынан  1 млн 846 мың теңге төленген. Ал жерлеу рәсіміне 716 мыңнан астам қаражат аударылыпты.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтарда «Майқайың алтын» шахтасының опырылған жеріне автобус түсіп кеткен. Екі құтқарушының денесі сол күні табылды. Ал тағы екі азаматты іздеу әлі жалғасып жатыр.  

Оқи отырыңыз: Павлодарда ер адам биік қабаттан құлап мерт болды