Ресейде басталған өрттің түтіні Қазақстанның үш облысына жетті

10.05.2023 в 19:25

Қызыл жалын көрші елдің Қорған, Түмен және Омбы облысында тұтанған

Ресейдегі өрттің түтіні Қазақстанның үш облысына жетті. Қызыл жалын көрші елдің Қорған, Түмен және Омбы облысында тұтанған. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі тілсіз жау біздің шекарадан өтпегенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дегенмен оттың түтіні Солтүстік Қазақстан мен Ақмола өңіріне және Астанаға жеткен. Соңғы екі күнде Елордада ыстың иісі сезіледі. От өршіп, шекаралас аймақтарға шарпи қалса, төтеншеліктер техникалар мен өрт сөндіру құралдарын дайындап отырғанын жеткізді.

– Павлодар облысы, СҚО, Қостанай облысында төтенше жағдай құралдары күшейтілген режимге көшкен. Сонымен қатар, жағдай ушығатын болса, қосымша Астана, Қарағанды қаласында, сонымен қатар Ақмола облысында қосымша күш пен құралдар дайын, – деді ҚР ТЖМ Басқарма басшысының орынбасары Тілеуберді Мәдиев.