Алматы облысында 14 үйді су басты

16.02.2023 в 20:34

Ауыл маңынан өтетін кәріз құбыры жарылған

Алматы облысына қарасты "Алмагүл" саяжайында 14 үйді су басып, бірнеше үй жарамай қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өйткені ауыл маңынан өтетін кәріз құбыры жарылған. Ал, әзірге жергілікті билік ешқандай шара қолданбады дейді. Енді қыс аяғы қыспаққа алған мәселені тездетіп шешіп берсе деп отыр.

Бұл бейнекадрді 14 ақпан күні баспанасы масқара күйге түскен тұрғындар түсіріп алыпты. Арнасынан асқан кәріз суы лезде ауланы алып, жертөлені сасық су басқан. Аяз болған соң оны шығарып тастаудың өзі бір қиямет болған көрінеді, көпшілік қолданбаған амалымыз қалмады дейді.

"Үйімді су басқанда маған ешкім көмек берген жоқ. Бірінші күні ғана суды сорды да кетіп қалды. Кеше келіп 5 шелек су мен хлор шашып кетті. Адам иіскеу мүмкін емес, иісіне уланып жатырмыз", – дейді зардап шегуші Гүлім Оспанбаева.

Қолаңса иісі қолқаны алған мынау бөлмеде бір минутта шыдап тұру мүмкін емес. Күні кеше ғана бұл үйде тұтас бір отбасы тұрған. Ал мынау қаланың бүкіл қалдықтары ағатын құбыр жарылғаннан кейін, дәл осы тесіктен үйге кіріп, түгел басып кеткен. Мұнда тұрып жатқан көпбалалы отбасы қазір басқа пәтер жалдап тұруға мәжбүр екен.

Тұрмыстық заттары да бүлінген, ауыл адамдары үлгергенше сыртқа алып шығыпты. Ал жертөлесі жарылып, қабырғасы құлауға шақ қалған кей тамның иесі көршілерін паналай тұрудан басқа амалы қалмағанын айтады.

"Тек үй ғана тұр. Қалған жердің бәрін су басып кетті. Үйге кірмедік. Иісі жаман, иісті кетіру керек. Сосын кәрізді жабу керек. Ол осымен ек-үш мәрте жарылып жатыр. Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты саяжайда 3 мыңдай адам тұрады. Ауыл шекарасы біте сала көлденең жатқан бұл құбыр елдімекеннің үстін басып өтеді екен", – зардап шегуші Нағима Қыстаубаева.

"Кәріз жүретін құбыр ол "Гейт сити" қалашығанан "Алматы Су" коллекторына келіп қосылатын құбыр. Сол құбырда апатты жағдай орын алған. Тексеріс кезінде бұл құбыр 2021 жылы ауданның теңгеріміне өткен. Құбырдың жарылуының себебін нақты айта алмаймын", – дейді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.

Құбырдың не себепті жарылғаны нақты белгісіз. Округ әкімі оның нәтижесі комиссияның тексерісінен кейін белгілі болады дейді.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, Мұратбек Алмасхан, Алматы Телеарнасы