Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азамат табылмады

29.01.2024 в 20:05

Жұдырық астында қалған тізгіншінің миы шайқалып, мұрны мен қабырғасы сынған

Қазақстанда жедел жәрдем қызметкерлеріне полицейлердікі секілді кеудеге бейнекамера орнатуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азамат әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Оған денсаулыққа қасақана зиян келтірді деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Ал жұдырық астында қалған тізгіншінің миы шайқалып, мұрны мен қабырғасы сынған. Қазір ол Мақажанов атындағы облыстық ауруханада жатыр. Осы оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлеуметтік желіде мұндай жағдайдың жиілегенін жазды. Ал Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев адам өмірін құтқарумен айналысатын азаматтарды барынша қадірлеп, құрметтеуге шақырды.

– Маңызды жұмысты атқаратын қызметкерлерге қол көтеру –бассыздық. Сондықтан күдікті тиісті жазасын алады. Мен әріптестеріме жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шараларды қолға алуды тапсырдым. Өміріне қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдарымен жедел әрекет ету де аса маңызды. Сондықтан полиция департаментінің басшылығы іс-шараны жүзеге асыруы қажет, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.

2019 жылы жедел жәрдем қызметкерлеріне 13 рет шабуыл жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 5 есеге артқан. 2023 жылы 55 жағдай тіркелген. Оның алтауында қылмыстық іс қозғалса, 5 іс бойынша кінәлі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қалған жағдайларда екі жақ келісімге келіп, татуласқан. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Тимур Мұратовтың айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлеріне ерекше мәртебе беріп, қауіпсіздікті арттыру керек.  

– Қызметкерлерге аудио, видео жазуға рұқсат беруді ойластырып жатырмыз. Өйткені полицейлерге, басқа қызметкерлерге оған рұқсат бар. Ал бізде науқастың жазбаша келісімін алу керек. Оған біршама уақыт кетеді. Сондықтан оны да заңдастыру керек, – деді ҚР Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Тимур Мұратов.

Қазақстанда жедел жәрдем қызметінде 21 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның 20 пайызы дәрігерлер болса, қалғаны - фельдшерлер мен жүргізушілер. Жедел жәрдемге жасалып жатқан шабуыл жиілеген сайын, салаға қызығатын жас мамандар азайып барады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл саладағы қызметкерлердің қауіпсіздігін заң аясында күшейтпек.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Үрейленіп қалған адамға көбірек жүрген пайдалы - маман кеңесі