Алматыда тау көшкіні жүрді

20.04.2020 в 20:47

Мамандар табиғи апатқа өткен аптада толассыз жауған жауын себеп болуы мүмкін екенін айтады

Алматыда тау көшкіні жүрді. Табиғи апатқа мамандар өткен аптада толассыз жауған жауын себеп болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, апат салдарынан қираған ғимараттар мен зардап шеккендер бар ма? Көшкіннің жалпы аумағы қанша? Қала маңында мұндай қанша қауіпті аймақ бар?

Өткен сенбіде Медеу шатқалы аумағында орын алған көшкіннің жалпы аумағы 7200 текше метрді құраған. Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін дейді төтеншеліктер. Дегенмен, қазір көшкін жүрген аумақта құзырлы орган мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл жерден тау көшкінің қатты болғанын байқауға болады. Аққан топырақ абырой болғанда өзен арнасын жаппаған. Қазір апат болған жердегі демалыс орны қызыл лентамен қоршалып, комиссия жұмыс істеп жатыр

Топырақтың массасы Кіші Алматы өзенінің арнасына түскенімен, өзен арнасын бөгемеген. Оқиға орнында жұмыс істеп жүрген мамандардың пайымдауынша көшкіннің жүруіне нөсер жауын себеп болған.  

«Жыл сайын көктем айларында Алматы қаласының таулы аймақтарында орын алып тұрады. Өйткені мына болған сырғыма сәуір айының 14-15 жұлдызында орын алған нөсер жауынның себебіне орын алып отыр», – деді «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ алматы қалалық басқармасының басшысы Самат ДӘУЛЕНХАНОВ.

Қазір Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көшкін қайталануы мүмкін аумақты анықтаған. Қауіпті жерлер белгіленіп, қоршауға алыныпты. Ал, апат маңындағы мекеме иесіне қауіпті аймаққа және онда орналасқан ғимараттарға адамдарды кіргізбеу туралы хабарлама берілген.  

«Қазіргі кезде «Тау күні»  кешенінде қандай ғимараттар және қандай учаскелердің қаупі бар екені анықталып, арнайы сигнал ленталары тартылып, сол жерге жолатпай кіргізбей отырмыз», – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.

Бүгінде Алматы қаласында көшкін жүру қаупі бар 41 аумақ бар. Осыған байланысты өткен жылы қауіпті аумақтарды паспорттау мәселесі ұсынылған. Бұл іске қала әкімі қолдау көрсетіп, жергілікті бюджеттен биылға 35 миллион теңге бөлініпті. Қазір аталған аймақтарда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал, паспорттау шаруалары жыл аяғына дейін толық аяқталмақ.

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы