Bek Air апаты: Бір жарым жылға созылған тергеу немен аяқталады

05.05.2021 в 22:10

Алматы облысында әуежай жанындағы жер телімдерін заңсыз сатты деп күдікке ілінген 6 айыпталушы бүгін сот алдында соңғы сөзін айтты

Bek Air ұшағының апатына қатысты сот отырысына нүкте қойлатын күн белгілі болды. Алматы облысында әуежай жанындағы жер телімдерін заңсыз сатты деп күдікке ілінген 6 айыпталушы бүгін сот алдында соңғы сөзін айтты. Бірі отбасымның жалғыз асырушысымен десе, енді бірі кінәсінің жоқтығын айтып ақталды. Бір жарым жылға созылған тергеу немен аяқталады? Сот отырысына қатысып келген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.  

Даудың басы Гүлдала елдімекеніндегі 1 гектар, 350 сотық жерден басталған. 2019 жылы әуежай маңында құлаған ұшақ апатынан кейін 6 адамға «алаяқтық жасады», «қызметін асыра пайдаланды», «жер бөлу қаулысын заңсыз дайындады» және т.б айыптар тағылған еді. Соның бірі Нұрайым Алданыш сот ісі басталғалы бері тергеу изоляторына тоғытылған. Ал, қалған 5 экс-шенеунік үй қамағында болып келген еді. Нұрайым Алданыш бүгін де соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.  

Бүгінгі сот отырысында үй қамақта жүрген 5 адамның 4-еуі төбе көрсетті. Ал, Талғар аудандық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы  Қайрат Алтынбекұлы болса ауруханадан онлайн қосылды. Айыпталушылардың бірі өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтса, енді бірі әлеуметтік жағдайын айтып, босатуын сұрады.  

«Құрметті сот, мені бостандыққа жіберуіңізді сұраймын. Мен отбасымның жалғыз асыраушысымен. 3 балам бар. Әкем мен анам болса зейнет жасындағы адамдар», – деді айыпталушы Рүстем Тұрысбеков.

Ал, адвокат Азамат Байкенов Нұрайым Алданышты бір жарым жылдан бері тергеу изоляторында жазықсыз отыр деп есептейді. Бүгінге дейін оны үй қамаққа шығаруды немесе кепілмен босатуды сұрап келгенімен оның  шағымы бірнеше рет кері қайтарылып келген.

«Нұрайым тергеу изоляторында отырғанына 1,5 жылдан асты. Осы уақыт аралығында денсаулығы нашарлап, психологиялық тұрғыда соққы алды. Алдағы уақытта сот үкім шығарар кезде осындай жағдайларды ескереді деп үміттенемін. Оның үстіне оның кәмелетке толмаған екі баласы бар», – деді Н. Алданыштың адвокаты Азамат Байкенов.

Сонымен ұзаққа созылған сот отырысына 12 мамырда нүкте қойылатын болды. Дәл сол күні әуежай маңындағы жерлерді заңсыз сатты деп күдікке ілінген 6 айыпталушыға сот үкімі шығады. Бір қызығы, Нұрайым Алданыштың адвокатының айтуынша, былтыр сотқа жолданған істің ақыры немен бітері белгісіз. Еске салайық, 2019 жылы Алматы маңында Бэк Эйр әуе компаниясы апатқа ұшырап, 12 адам көз жұмған еді.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы