Референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды

06.06.2022 в 11:01

5 маусым елімізде жалпыхалықтық референдум өтті

ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның алдын ала қорытындысын жария етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 734 642 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 986 293 немесе референдумға қатысушы азаматтар санының 68,06 пайызын құрады. Осылайша референдум өтті деп есептеуге болады», - деді ол. 

Референдумға қатысуға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрайды. Ал бұл 6 163 863 адам. Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрап отыр. Осылайша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адам.

Еліміздің барлық өңірлерінде және шетелдердегі референдумның мыңнан астам учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Саяси науқанға қатысу мүмкіндігі бар 11 миллион 734 мыңнан астам адамның 7 миллион 986 мыңдайы Конституциялық құқығын пайдаланған.

Ал халықаралық байқаушылар ел тарихындағы елеулі шарада айтарлықтай заң бұзушылықтар орын алмады деген бағаларын беріп жатыр. Олар дауыс беру ашық әрі демократиялық талаптарға сай өткенін айтады. ТМД байқаушылар миссиясы өкілдері негізінен кейбір учаскелерде техникалық кемшіліктер ғана орын алғанын атап өтті.

«Мәселе туындаған жоқ. Бірлі-екілі техникалық қателіктер ғана болды. Халықтың жоғары азаматтық белсенділігі таңғалдырды. Жалпы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткен референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылды», – деді ТМД байқаушылар миссиясының басшысы  Леонид Анфимов.

Сонымен қатар ТүркПА делегациясы да референдум барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың да құқықтары ерекше ескерілгенін  айтты.

«Біздің топ Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше учаскеде болып, дауыс берушілермен, комиссия мүшелерімен сөйлесті.  Әсіресе, атап өткім келетіні мүгедектерге барынша жағдай жасалды. Қазақстан билігіне бізге еш кедергісіз бакылау процедураларын жүргізуге мүмкіндік бергендері үшін алғыс білдіреміз», – деді Түркия Ұлы ұлттық жиналысының депутаты Реджеп Шекер

Айта кетейік референдумның өту барысын 11 халықаралық ұйымнан 270-тен астам байқаушы қадағалады.

Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы