Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: ҚазҰУ-да саясаттанушылардың Х Конгресі өтті

20.05.2022 в 15:20

Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс-пікірлер тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, баяндамалар жинағы шығарылатын болады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" тақырыбында Қазақстан саясаттанушыларының Х Конгресі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғалымдар, сарапшылар мен еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Шараны ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин құттықтау сөзбен ашып, конгресс жұмысына сәттілік тіледі.  

«Бүгінгі шараға Қазақстанның әр өңірінен саясаттанушылар жиналды. Конгрессте көтерілетін бастамалар  өте өзекті, мазмұнды. Бүгінде жаңа Қазақстан жаңа бағытта қадам басуда. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанның қандай болатынын анықтап берген болатын. Осы тұрғыда  5 маусым күні өтетін референдум қазақ қоғамы үшін оң өзгерістердің басы болмақ.  Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіледі. Халық саяси өзгерістерге үн қосып, өз тандауын жасайтын болады», - деді Мемлекеттік хатшы.

Құрметті меймандарды университет қабырғасында қарсы алған Жансейіт Түймебаев саясаттанушылардың ұсыныстары тек объективті ғана емес, тиімді де болуы керек екенін атап өтті.

«Саясаттанушылар ішкі және сыртқы оқиғаларды бақылай отырып, тиімді саяси шешімдер қабылдау үшін өз ұсыныстарын білдіреді. Қазіргі таңда саясаттанушылардың алдында жаңа міндеттер тұр. Бүгінгі кездесу жаңа бастамаларды қалыптастыруға, тың идеяларға қол жеткізуге мүмкіндік береді» - деді университет ректоры.

Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев өткелі жатқан референдумның маңыздылығын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қаулысымен 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өтеді деп белгіленді. Бұл – Жаңа Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасау – әр азаматтың міндеті.  Бұл ретте халықтың саяси сауатын арттыруда саясаттанушыларды рөлі жоғары болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолынан өтті. Бүгінде Қазақстанда саяси жүйені демократияландыру процесі жүзеге асып келеді. Уақыт талабына сай әлеуметтік-экономикалық реформалар қолға алынуда. Басты өзгерістердің бірі – халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту болмақ», – деді білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев.

Кездесу барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйлеп, күн тәртібінде тұрған білім мен ғылымның өзекті мәселелеріне тоқталды.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ғылым  саласы бойынша  қаржыландыру құнын екі есеге арттырдық. Өкінішке қарай гранттардың көп бөлігі игерілмей жатыр. Биылғы жылы постдокторантураға 1000 грант бөлінсе, соның 500-і ғана игерілді. Докторантура бойынша 2 жыл қатарынан 25 грант игерілмей жатыр. Осы орайда кафедралар белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен гранттар құнын арттыра алдық. Соның арқасында ЖОО оқытушыларының жалақысы өсті. Осындай кездесулердің арқасында  өзекті мәселелер талқыланып, шешімін табады. Біз сіздердің әрқайсыңыздың ұсыныстарыңызды тыңдап, өзгерістер енгізуге дайынбыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, конгресс отырысында  ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов, Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков және "Саяси зерттеулер қауымдастығы" РҚБ президенті Есенжол Алияров сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Х саясаттанушылар конгресі «Екінші Республика: саяси реформалардың тұжырымдамалықнегіздері», «Қазақстанның партиялық жүйесінің дамуы», «Қазақстандықтардың идентификация үлгілерінің трансформациясы», «Саясаттану жоғары мектебі: жағдайы мен проблемалары», «Қазақстандағы саяси ғылымның даму келешегі» тақырыбында панельдік сессиялармен жалғасты.  

Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс-пікірлер тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, баяндамалар жинағы шығарылатын болады.