Дауыс беруде қала тұрғындарының белсенділігі сағат сайын артып жатыр

05.06.2022 в 15:10

Түстен кейінгі уақытта орта жастағы азаматтар учаскелерге жиі келген

«Дауыс беруде қала тұрғындарының белсенділігі сағат сайын артып жатыр». Алматыдағы референдум учаскелерінің бақылаушылары осылай дейді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Мәселен, таңертең арнайы нысандарға келіп, өз таңдауын жасағандардың көпшілігі - зейнет жасындағы адамдар болса, түс және түстен кейінгі уақытта орта жастағы азаматтар учаскелерге жиі келген.

Таңертеңнен бері дауыс беруде белсенділік танытып жатқан алматылықтардың категориясы 18-39 жас аралығында екен. Олардың ішінде отбасымен келіп, топ боп таңдау жасағандар да көп дейді бақылаушылар. Жалпы, қала аумағында әзірге референдум өткізу тәртібін бұзған жағдай тіркелген жоқ. Бірақ бақылаушылар учаскелердің бірінде бір кабинаға екі адамның кіріп кеткенін анықтаған. Кейіннен мәлім болғандай, бұл азаматтар көру қабілеті бұзылған ерлі-зайыптылар екен.

«Ресейден келген бақылаушылар «Алматыда есептен шығару талондары бойынша дауыс беру жақсы ұйымдастырылған» дейді. Олар жалпы жұмысты жоғары бағалап отыр. Осы тұста қоса кетуім керек, бүгін Қазақстанға әлемнің 25 елінен 272 делегат келіп, бақылаушы қызметін атқарып отыр», – деді  бақылаушылар штабының үйлестірушісі Жасұлан Тәжібаев.

«Қазақстан осы уақыт ішінде әдістемелік жұмысты әбден жетілдіріп алғанына көзім жетті. Сайлау жүйесі, орталық және өңірлік сайлау комитеттері дауыс берушілерді ақпараттандырып отыру үшін бар күшін салған», – деді халықаралық бақылаушы Михаил Лебединский.

Өздеріңіз де көріп тұрғандай, баспасөз орталығының алаңында жұмыс қызу, бір сағатта бірнеше рет брифинг өткізіліп жатыр. Мен біле алған соңғы ақпаратқа сәйкес, қалада дауыс беруге 226 938 адам қатысқан. Бұл жалпы Алматы тұрғындарының 20,14 пайызы.