Референдум әділ өтті

06.06.2022 в 16:42

Еліміздегі саяси партиялар референдумның нәтижесін толыққанды құптайтынын білдірді

Еліміздегі саяси партиялар референдумның нәтижесін толыққанды құптайтынын білдірді, деп Almaty.tv хабарлайды тілшісі.

Олар шараның әділ өткеніне өздері де куә болғандарын айтуда. Мәселен «Ауыл» демократиялық- патриоттық партиясының 700-ден астам мүшесі аймақтардағы дауыс беру учаскелерін бақылаған. Партия төрағасы Әли Бектаев елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайды. Әсіресе, бәсекелестікті күшейту үшін партиялар санының көбеюіне көңіл бөліну құптарлық іс дейді.

«Ауыл» партиясының өкілдері болған учаскелерде қандай да бір заң бұзушылық болмаған. Сондықтан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы жалпыұлттық референдумның ұйымдастырылуы мен өткізілуі барысының Қазақстан Республикасы заңдарына толықтай сай болғандығын мәлімдейді», – деді  «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Ал «Аманат» партиясы референдум кезінде республика бойынша 218 штаб құрған. Олар 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасын өткізген.

«Барлық кездесу еркін, ашық форматта жасалды. Біз олардың санына емес, сапасына мән бердік. Конституциялық өзгерістерді халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндет тұр», – деді «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов.