Алматыда сайлау учаскелері алдағы саяси шараға толықтай дайын

08.01.2021 в 21:42

Таңдау жасау күнінде қалада 581 орын қызмет етеді

Алматыда сайлау учаскелері алдағы саяси шараға толықтай дайын. Таңдау жасау күнінде қалада 581 орын қызмет етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әр ауданда орналасқан сайлау учаскелері қажетті жиһаздармен жабдықталып, кеңсе техникасы мен интернетпен толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, санитариялық талап та қатаң сақталған. Ең бастысы - саяси доданың әділ өтуі мақсатында жасырын дауыс беру кабиналарында жапқыш болмайды. 10 қаңтарда халық дауыс беруге жиналатын сайлау учаскелерінің жұмысы туралы келесі сюжетте.

Партиялық сайлауға дайындық шаралары шаһардың әр өңірінде қызу жүруде. Кіре берістен орнатылған мобильді дезинфекциялы өтпелер, санитариялық құралдар және сақадай сақ дайындалған қызметкерлер. Осылай, пандемияға байланысты сайлау өткізу кезінде санитариялық  талаптың сақталуы - басты назарға алынған. Тек, дауыс беруге келгендер тұрғылықты мекенжайына байланысты сайлау учаскесін таңдап, белгіленген ережелерді орындай отырып, өз таңдауларын жасайды. Ал, мамандар жұмыстарын пысықтап, тізімнен өздерін таппаған сайлаушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

БЛИЦ:

1. Бүгін мен өзімнің учаскеме сайлаудағы тізімде бармын ба, жоқпын ба, соны білейін деп келдім. Сайлау жақсы өтеді деген сенімдемін. Қазақстанның жауапты азаматы ретінде барлық адамдар дауыс беруге келеді деп ойлаймын.

2. Дауыс беруге дайындық ретінде алдын ала сайлау учаскесіне келіп тұрмын. Барлық санитарлық нормалар сақталған. Өте әдемі. Өз елімнің патриоты ретінде 10-ы күні сайлауға келемін.

Сондай-ақ, саяси доданың әділ өтуі мақсатында жасырын дауыс беру кабиналарында жапқыш болмайды. Бұл - бақылаушылардың сайлау процесін дұрыс қадағалауына мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, әр учаскеде бейнебақылау камералары орнатылып, тасымалданатын жәшіктер, сыртқы және ішкі ақпараттық стендтер қойылып, әр партия туралы ақпа берілген парақтар да ілінген. Жалпы жергілікті тұрғындар санының көп болуына байланысты сайлау орындары ең көп орналасқан Әуезов ауданы екен. Мұнда барлығы 100 сайлау учаскесі болса, оның 8-і жабық, қалған 92-сі ашық болмақ.

"Бүгінгі күнде біз сайлауға дайынбыз. Көріп тұрғандарыңыздай, кабиналарымсыз дайын, бақылаушылардың орыны дайын. Бас санитар дәрігердің бекіткен қаулысы арқылы барлығы санитарлық норма сақталған. Маска, қолғап, антисептиктер, дене қызуын өлшейтін аппарат қойылған", - деді Әуезов ауданы №209 сайлау учаскесінің төрағасы Бақытбек Серікбаев.

Қазір шаһарда барлығы 581 сайлау учаскесі бар. Мегаполис тұрғындары 10 қаңтарда таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін тұрғылықты мекенжайына қарай сайлау учаскесіне барып, өзі таңдаған партияға дауыс бере алады. Тек, әр бір тұрғын қауіпті індеттен сақтану үшін карантин талаптарын қатаң сақтағаны абзал.

Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, "Алматы" телеарнасы