Азия чемпионаты: Қазақстан парадзюдодан 14 медаль жеңіп алды

30.04.2023 в 12:11

11 елден 100-ден астам спортшы қатысты

Ал отандық парадзюдошылар Азия чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанның әйелдер мен ерлер құрамасы командалық жарыста топ жарды. Құрлықтық дода көзі мүлдем көрмейтін және көзі нашар көретін спортшылар, яғни J1, J2 санатындағы татами шеберлері арасында өтті. Ақтық бәсекеде әйелдер ұлттық құрамасы өзбектерден басым түссе, ерлер құрамасы сол елден келген ағайынды 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал жекелей жарыста жалпы есеп бойынша отандастарымыз 2-орынға табан тіреді.

«Бәріңізді құттықтаймын! Осы жеңістің ішінде елдің тілеуі бар. Парадзюдодағы тренерлер, жаттықтырушылар және командасталарыма рақмет айтамын. Өте тартысты дода өтті», – деді Парадзюдодан ұлттық құрама мүшесі Ерғали Шамей.

Астанада өткен парадзюдодан Азия чемпионатында 11 елден келген 80-нен астам спортшы бақ сынады. «Бұл сайысқа қатысқандар Парижде өтетін олимпиадаға қажетті әлемдік рейтингтік ұпайлар еншіледі. Сол себепті байрақты бәсекенің маңызы зор» дейді ұйымдастырушылар.

Азия чемпионатының жекелей жарыстары бойынша медаль кестесіндегі үздік үштік:

Өзбекстан – 4 алтын, 6 күміс, 3 қола

Қазақстан – 4 алтын, 4 күміс, 6 қола

Иран - 3 алтын, 2 қола

Қазақстандық парадзюдошылар төрт алтын, төрт күміс және алты қола жүлдені жеңіп алды.

Атап айтқанда, Даяна Федосова (-57кг, J2), Ерғали Шамей (-73кг, J1), Альфия Тілекқабыл (-57кг, J1) және Жанбота Аманжол (-90 кг, J2) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (-52 кг, J2), Ерлан Конкиев (+90 кг, J2), Бауыржан Арыстанбеков (-90 кг, J1) және Ғалымжан Смағұлұлы (-90 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (-73 кг, J2), Динара Куджулова (-70 кг, J1), Зәуре Айтек (+70 кг, J1), Талғат Ажғалиев (+90 кг, J2), Ерлан Өтепов (+90 кг, J1), Дилором Диханова (-57 кг, J1) қола медаль еншіледі.

«Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жоспарлағанымыздай сәтті аяқтады. Десе де біз үшін Азия чемпионаты аяқталды деп айтуға әлі ерте. Ертең командалық жарыста бақ сынаймыз. Жекелей сайыс бойынша құрама жоспарды толық орындады. Азия чемпионатында жеңімпаз және жүлдегерлер атанған спортшылардың басым бөлігі құрамаға биыл қосылған жас балуандар. Осындай әлемдік дәрежедегі алғашқы жарыстарына қатысты. Олардың кейбіреуі, мысалы Альфия саусағының сынғанына қарамастан күресіп, жанкештілік танытты. 16 жасында Азия чемпионы атанды. Пара дзюдода осал спортшы деген болмайды. Мұнда татамиге шыққан әрбір балуан ерекше құрметке ие және олардың ерік-жігері бәрімізге үлгі деп ойлаймын», – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов.

Ертең, 30 сәуір Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Азия чемпионатының командалық жарысы өтеді.

Командалық жарысқа ерлер арасында алты, ал әйелдер арасында үш құрама қатысады.