Тоқаев елордалық хоккейшілерді тамаша жеңісімен құттықтады

12.08.2019 в 10:21

«Барыс» хоккей командасы Қазақстан президенті кубогын ұтып алды

Қасым-Жомарт Тоқаев шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогын жеңіп алған елордалық «Барыс» командасын құттықтады.

Ал, командаға кубокты ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин табыс етті, деп хабарлайды Sputnik.kz.

«Барыс» хоккей командасы халықаралық клубтық турнирде дәстүрге айналған Президент кубогын ұтып алды. Хоккейшілерді және жаттықтырушыларды тамаша жеңістерімен құттықтаймын!», - деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы шайбалы хоккейден Х мерейтойлық халықаралық турнирдің ашылу рәсіміне қатысып, «Барыс» пен қазандық «Ак Барс» арасындағы ойынды тамашалаған еді. Бұл ойында елордалық команда «Ак Барсты» 6:1 есебімен ойсырата жеңді.

«Барыс Арена» мұз сарайындағы турнир 7-11 тамыз аралығында өтті. Оған «Барыс» пен «Ак Барстан» бөлек, «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Автомобилист» (Екатеринбург) және «Салават Юлаев» командалары (Уфа) қатысты.