Елена Рыбакина биыл үшінші рет WTA 1000 турнирінің финалына шықты

20.05.2023 в 11:56

Ол финалда әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен кездеседі

Қазақстандық теннисші, әлемнің алтыншы ракеткасы  Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Рыбакина жартылай финалда әлемнің 20-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос жарысының чемпионы, латвиялық Елена Остапенконы 6:2, 6:4 есебімен екі сетте жеңді. Матч 1 сағат 43 минутқа созылды.

Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде латвиялық, біреуінде қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді.

Қазақстандық теннисші жартылай финалға дейін итальялық Жасмин Паолиниді (65) – 7:6, 6:1, ресейлік Анна Калинскаяны (57) – 4:3 (қарсыласы жарыстан шығып қалды), чех Маркет Вондроушованы (70) – 6:3, 6:3 және әлемнің бірінші ракеткасы поляк Ига Швёнтекті 2:6, 7:6, 2:2 (қарсыласы жарыстан шығып қалды) жеңді.

Елена Рыбакина финалда әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен бас жүлдені сарапқа салады.

Римдегі WTA 1000 турнирінің жүлде қоры биыл 3,5 млн евроны құрайды. Турнир жеңімпазына 521 млн евро беріледі. Оған қоса 1000 рейтинг ұпайын алады.

Елена Рыбакина осы маусымда WTA 1000 турнирлер сериясының финалына үшінші рет шығып отыр. Қазақстандық теннисші Индиан-Уэллсте жеңіске жетсе, Майамиде жеңіліс тапты. Жыл басында Елена Australian Open финалына шықты.