Бүгін футболдан Қазақстан біріншілігі басталады

13.03.2021 в 13:24

Доп додасының шымылдығын «Қайрат» (Алматы) - «Жетісу» (Талдықорған) командалары ашады

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі жалауын көтереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Биылғы доп додасында барлығы 14 команда бақ сынайды. Олар екі айналым жүйесі бойынша шеберлік байқасады. Алғашқы тур ойындары 13 және 14 наурыз күндері өтеді. Бүгін, 13 наурызда алты команда өзара кездеседі. Доп додасының шымылдығын «Қайрат» (Алматы) - «Жетісу» (Талдықорған) командалары ашады. Бұл ойын 15.00-ге белгіленген. Одан кейін 16.00-де «Атырау» мен «Шахтер» (Қарағанды), 17.00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Астана» (Нұр-Сұлтан) клубтары жасыл алаңға шығады. 

Ал 14 наурызда қалған төрт ойын болады. Алдымен 15.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Ақтөбе», «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қызылжар» (Петропавл), 17.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тараз», «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақжайық» (Орал) командалары шеберлік байқасады.

Айта кетейік, ел біріншілігі 30 қазанда мәресіне жетеді. Әрбір команда 26 ойыннан өткізеді.

Ал футболдан Қазақстан суперкубогінде «Тобыл» командасы жеңімпаз атанған болатын.