Азия ойындары: Тимур Хайдаров пен Сергей Емельянов елге оралды

06.10.2023 в 15:44

Жарысқа Алматы қаласынан 67 спортшы 25 спорт түріне қатысып жатыр

Азиадада алтын алған Тимур Хайдаров пен Сергей Емельянов елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ескек есу жарысында 500 метр қашықтықта алдына жан салмай жеңімпаз атанған спортшыларды қарсы алуға дүйім ел жиналды. Арасында жақын туыстары да бар. Жүлдемен оралған жігіттердің қуанышында шек жоқ.

– Бұл соңғы жеңіс емес. Алда жарыс көп. Дайындықты бастаймыз. Осы жолы бақталастар әдісін көрдік. Табандылығын байқадық. Бұдан кейінгі жарыстардан үміт көп, – деді Азиаданың алтын жүлдегері Тимур Хайдаров

Қазақстан спортшылары байрақты бәсекедегі жарысты жалғастырып жатыр. Бүгін олар 12 сайыста бағын сынайды. Дәл қазір қоржынға түскен жүлде саны бойынша еліміз рейтингте 11-орында келе жатыр.  

– Азия ойындарына Алматы қаласынан 67 спортшы 25 спорт түріне қатысып жатыр. Қазіргі таңда олар Ұлттық құрамамен бірге 9 медаль алды. Бесеуі қола, үшеуі күміс, бір алтын медаль бар, – деді Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Еркін Қазыбаев.

Оқи отырыңыз: Азия ойындары: Галина Дуванова күміс жүлдегер атанды