Алматыдағы балалар колониясында футбол алаңы ашылды

13.12.2021 в 21:43

Бүгінде мұнда 56 бала жазасын өтеп жатыр

Алматыда кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде футбол алаңы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы марафон» жобасының өкілдері ұйымдастырған шараның ашылуына жергілікті спорт басқармасы мен тәртіп сақшылары және «Қайрат» футбол құрамасының ардагер ойыншылары қатысты. Олар түзеу мекемесіндегілерге клуб жейдесін естелікке сыйға тартты. ЛА-155/6 колониясы 18 жасқа толмағандарды ұстауға арналған еліміздегі жалғыз мекеме. Бүгінде мұнда 56 бала жазасын өтеп жатыр. 

«Спорт алаңының ашылғанына қатты қуанып жатырмыз. Спорт сотталғандарды дұрыс жолға түсуге көмектеседі, денені шынықтырғанға да пайдасы мол. Көп рахмет!» – деді мекеме қызметкері Дәурен Нұрланұлы.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар алдағы уақытта салауатты өмір салтын насихаттайтын осындай 2 спорт алаңын ашуды жоспарлап отыр. 

«Спорт арқылы жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттауға болады. Олар үлкен қателік жасаса да, ойын өзгертуге мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда спорттың алар орны ерекше», – деді ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева.