Теннистен жасөспірімдер құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды

30.04.2022 в 17:36

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінде қазақстандықтар үшінші орынға ие болды.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орын үшін бәсекеде Таиландпен сынға түсті.

Бірінші ұпайды Дамир Жалғасбай әперді. Жас қазақстандық теннисші бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберді.

Есесіне екінші сетте 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді.

Үшінші - шешуші партияда есеп 3:5 болған мезетте таиландтық теннисшінің екі матчболын пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Сосын тағы бір брейк жасап, жеңісті жұлып алды - 7:5.

Бұдан кейін Заңғар Нұрланұлы қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Есеп 2:0, Қазақстанның пайдасында.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет биыл күзде өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады.