Денсаулық фестивалі: Қонаев қаласында жүгіруден марафон өтті

02.10.2023 в 21:46

Жарысқа 1000-нан аса азамат қатысқан

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жүгіруден марафон өтті. Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау үшін ұйымдастырылған жарысқа 1000-нан аса азамат қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

«Денсаулық фестивалі» деген атаумен өткен марафон көпшіліктің әуелі бой жазып, жаттығу жасауынан басталды. Бас алаңға жиналған бұқара үлкен-кішісіне қарамай, алдын ала тіркеліп, қызу дайындыққа кіріскен. Шағын түсіндірме мен құттықтау сөзден кейін алғашқы топ жарысты бастап кетті.

– Екі шақырымға жүгіруден бірінші болып келдім. Жастарға салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданған жөн , – деді Қарасай аудандық көпсалалы аурухананың медбикесі Жұлдыз Ахметова.

– «Спорт – денсаулық кепілі» дейді. Спортпен айналысып тұру керек. Облыста қолдап, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, марафон өткізіп жатыр, қуаныштымын, – деді ауыр атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев.

Ұйымдастырушылардың мақсаты – физикалық белсенділікті қалыптастырып, азаматтардың демалысын сәтті өткізуге мұрындық болу. Іс-шараға 3 басқарманың жауапты. Олар алаңға жиылғандарға медициналық кеңес беріп, азаматтарды бейінді дәрігерлерге бағыт отыр.

– Қатысушыларды 4 топқа бөлдік: 18-35 жастағылар, 35- 50 жас аралығы, және 50 жастан жоғары. Төртінші топ – мемлекеттік қызметкерлер. Барлық жеңімпазға сыйлық беріледі және марапатталады, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева.

Облыс орталығында мұндай ауқымды іс-шара екінші рет өткізіліп отыр. Марафон барысында тек желаяқтарға емес, тамашалауға келген көпшілік пен балалар үшін де жағдай жасалған.

Айта кету керек, ұйымдастырушылар іс-шара арқылы жазғы Азия ойындарында жүрген спортшыларға қолдау көрсетпек.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы