Алматы мен Доха арасында жаңа әуе рейсі ашылды

19.11.2021 в 17:22

Алматы әуежайына Qatar Airways әуе компаниясының алғашқы жолаушылар ұшағы қонды

Бүгін таңсәріде халықаралық Алматы әуежайына Qatar Airways әуе компаниясының алғашқы жолаушылар ұшағы келіп қонды. Осылайша, бүгіннен бастап Қазақстан мен Катар арасындағы серіктестік аясында Алматы – Доха қалалары бағыты бойынша жаңа рейс ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.               

Енді азаматтар Airbus A320 ұшағымен аптасына екі рет сапар шеге алады. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін 12 бизнес және 120 орындық эконом санаты қарастырылған. Айтулы шараға орай әуежай қабырғасында баспасөз конференция ұйымдастырылды.        

«Біз Qatar әуе компаниясын қуана қарсы аламыз. Қазір рейстер аптасына екі рет болса, алдағы уақытта бағыттарды күнделікті жүретіндей жағдайға жеткізуді ойлап отырмыз. Сондықтан бәріңізді құттықтағым келеді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов.

«Көптен күткен оқиға. Qatar Airways – бүкіл әлемге ұшатын әуе компаниясы. 160 бағыт бойынша рейс жасайды. Сол арқылы біздің жолаушылар бүкіл әлемге бара алады», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.  

Мұндай рейстерді Нұр-Сұлтан қаласында да ашу жоспарланыпты.

Айта кетсек, әуе көліктерінің рейтингісін түзетін халықаралық ұйым Qatar Airways-ті саладағы жылдың үздік мекемесі ретінде таныған. Бүгінде бұл қауіпсіздігі ең жоғары бесжұлдызды әуе компаниясы саналады. Ал салтанатты жиында тараптар жаңа бағыттардың арқасында экономика мен мәдениет саласы одан әрі дами түседі деп сенім білдірді.  

«Қазақстан – тарихы бай, дәстүрі мен мәдениеті терең ел. Әлемнің үздік әуе компанияларының бірі ретінде біз осындай керемет мемлекетті әлемнің 140 нүктесінде жұмыс істейтін жүйемізге қосқанымызға қуаныштымыз. Қазақстан біздің елдің жолаушылары арасында үлкен танымалдыққа ие болып келеді. Бұл серіктестік екі ел арасындағы ынтымақтастықты бекітеді деп ойлаймын», – деді Qatar Аirways әуекомпаниясының аға вице-президенті Марван Колейлат.