Алматыда су құбыры мен кәріз желілерін салу үшін Боралдай тасжолында қозғалыс шектеледі

04.07.2023 в 17:16

Бұл аумақта қозғалыс екі бағытқа да жабылады

5 шілдеден 3 тамызға дейін Алматы қаласының Алатау ауданында Барыс көшесінен Жаужүрек көшесіне дейін Боралдай тасжолында көлік қозғалысы шектеледі. Бұл аумақта қозғалыс екі бағытқа да жабылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Су құбыры мен кәріз желілерін салу бойынша жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер енгізіледі. 3,5 км су құбыры және 2,8 км кәріз желісін салынады. Бұл жобаның арқасында Алатау ауданының 2,5 мың тұрғыны тұрақты желілермен қамтылады.

Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды және көрсетілген аумақты айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруды сұраймыз.

Биыл барлығы 20 нысан бойынша 108,4 км су құбыры және кәріз желісін (81,1 км су құбыры және 27,3 км кәріз) салу жоспарланған, бұл халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігін 99,2%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, желілерді салу және жаңғырту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі, себебі бұл қала тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Мысалы, былтыр Наурызбай, Алатау және Түрксіб аудандарының 18 шағынауданында 153,9 км сумен қамту және 118,1 км су бұру желісі салынды (60 мыңға жуық адам қамтылды). Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында сумен қамту желілерінің тозуы 56,2%-дан 55,8%-ға және кәріз желісінің тозуы 58%-дан 57,5%-ға дейін төмендеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 99% болған, ағынды суды тазарта отырып халықты қамту 92,7%-ға жетті.