Алматының Алатау ауданында көліктің жаңа бағыты іске қосылды

06.05.2022 в 16:00

Желіде 6 автобус жұмыс істейтін болады

6 мамырдан бастап Алатау ауданында "Мәдениет" ТК – Өжет шағынауданы бойынша №24 көліктің қалалық жаңа бағыт өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қозғалыс сызбасына сәйкес автобустар "Мәдениет" ТК-нен Саин көшесі бойымен Үлкен Алматы каналынан Солтүстік айналма жолға дейін, Бекболат көшесінен солтүстікке қарай Өжет шағынауданына дейін барады және кері қатынайды. Желіде 6 автобус жұмыс істейтін болады.

«Автобустар жүргені жақсы ғой. Такси де қымбаттады, бәрі автобуспен жүреді. Көп мұғалім жан-жақтан келіп жұмыс істейді, оқушылар келеді», – деді қала тұрғыны Рыскүл Бұрлыбекова.

«Автобустың жүргеніне қуаныштымыз. Мына жерде 2 автобус ғана жүреді. Кешке балалар қайтқан кезде адам көп болады. Сыймайды. Бір автобуспен жету ыңғайлы деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Мақпал Көнекбаева.

«Мәдениет шағынауданына бару үшін 2 автобусқа отыратын едім. Енді уақытты да үнемдейміз», – деді қала тұрғыны Қайрат Махкамов.

Биыл қалаға 300 автобус әкелінеді деп жоспарланыпты. Қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы халқымен кездесуінде жаңадан 150 қоғамдық көлік алынғанын, мамырда өз бағытымен жұмыс істейтінін айтқан еді.

«Алдағы уақытта Қарасу шағынауданына жаңа маршрут бағыты іске қосылады. Сонымен қатар Шаңырақ-1, Өтемісұлы көшесі тұрғындарының сұранысы бойынша қолданыстағы №132 маршрут жаңартылды.  Соңғы аялдамасы – Ұлжан-1 шағынауданы, Өтемісұлы көшесімен Рысқұлов даңғылына  дейін созылатын болады, автобус саны көбейеді», – деді  Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Абылайхан Омархан.

Қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында ауданның өзекті мәселелерінің бірі - көлік бағыттары желілері мен жылжымалы составтың тапшылығы атап өтілген еді. Мәселені шешу үшін алты шағын ауданда 2 жаңа маршрут ашылады, 4 бағыт (25, 57, 129, 132) ұзартылып, 4 бағыт күшейтіледі (№109, 115, 122, 125,) сондай-ақ, №103 бағыттағы көліктер жаңарады.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарна