Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны 200 мыңнан асты

26.04.2020 в 10:28

АҚШ-та бір тәулікте 2 мыңға жуық адам қауіпті вирустан қайтыс болды

Американың Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 200 мыңнан асты. 2 921 201 адамға вирус жұққан. 836 969 адам жазылып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Індеттен қатты зардап шеккен ел АҚШ болып отыр. Бұл елде бір тәулікте 2 мыңға жуық адам көз жұмды. Жалпы, індет басталғалы 53 мың адам қайтыс болды. 930 мың адамнан вирус табылды.

Ал Италияда 26 мың адам көз жұмды, 195 мың науқас бар.

Испанияда вирустан 22 600 адам көз жұмды, 224 мың адам COVID-19 ауруына шалдыққан.

Францияда 22 600 адам қайтыс болды, 160 мың науқас бар.

Ұлыбританияда 20 380 адам көз жұмды, 149 500 адам COVID-19 ауруына шалдыққан.

Германияда 156 мың адамнан вирус табылған, 5846 адам індеттен бақилық болған. Канцлер Ангела Меркель Германия медицинасы қиындықтарды жеңді деп бірнеше рет мәлімдеді. Соңғы кезде билік бизнес өкілдеріне шектеулерді азайтқан. Бірақ әлі де болса адамдардың топтасып жиналуына рұқсат етілмеген.

Ресейде барлығы 681 адам көз жұмды. Бір күнде 6 мыңға жуық адамнан вирус табылды. Вирус жұқтырғандар 74 588 адамға жетті.

Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 2652 адамға жетті. Бүгінге дейін 646 адам қауіпті вирустан жазылып шықса, өкінішке қарай, 25 адам бақилық болды.