Түркияда тағы 5,3 балдық зілзала тіркелді

07.02.2023 в 11:13

Түркияда зілзала құрбандарының саны 3 мыңнан асты

Түркияның Адыяман провинциясында магнитудасы 5,3 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны әлі артып жатыр. 3 сағат бұрын елдің Төтенше жағдайлар басқармасы қаза болғандардың 3381 адамға жеткенін хабарлады. Жараланғандардың өзі 20 мыңнан асып отыр. Жан шошырлық жағдайдан жапа шеккендерге қазір жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Десе де, Түркияның Сириямен шекаралас аудандарында зілзала қаупі сейіле қойған жоқ. Айтып келмеген апат қайтып келіп, бүгін Газиантеп пен Хатай провинциясының жағалауында сілкінді. Жерорта теңізінде де жерасты дүмпуі тіркелген. Мұндағы магнитуда 4,4 баллға жетті.

Табиғи апатқа байланысты Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 12 ақпанға дейін елде аза тұту күнін жариялады. Ту түсіріліп, қаза болғандардың жеке бас ақпаратын анықтау жүргізіліп жатыр. Елдің төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнында 2000-ға жуық психоәлеуметтік көмек көрсететін маманның жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Одан бөлек, қауіпті аймақтарға 25 мың құтқарушы жөнелтілген. Дегенмен олардың саны сағат сайын көбейе береді дейді министрлік өкілі.

«Отанымыздағы апат бәрімізге ауыр тиді. Қазір қауіпті аймақтарда ауа райы қолайсыз. Ештеңеге қарамастан, іздеу-құтқару жасақтары жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 10 кеме, 54 әуе техникасы жұмылдырылды. Шынын айтқанда, өте көп маман мен техниканы апат аймағына аттандырдық. Нақты ақпарат әлі де қосымша жарияланады. Біз бұл кезеңнен де өтеміз», – деді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Орхан Татар (Түркия)

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырған болатын. Борт бірінші кезекте Газиантеп қаласына барады.