Көмек барлық елдімекенге уақытылы жетпей жатыр - Антакья қаласының тұрғыны

10.02.2023 в 16:15

Түркияның вице-президенті Фуат Октайдың мәліметінше, көз жұмғандардың нақты саны 18 мың 342 адамға жеткен

Түркия мен Сирияда орын алған зілзаланың салдарынан қайтыс болғандар саны сәт сайын өзгеріп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша құрбандардың саны 21 мыңнан асып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv

Түркияның вице-президенті Фуат Октайдың мәліметінше, көз жұмғандардың нақты саны 18 мың 342 адамға жеткен. Ал зардап шеккендер саны 74 мыңнан асады. Ал Сирияда 3377 адам қаза болды. Күллі халықтың қабырғасын қайыстырған бұл қайғыны Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған «ғасыр апаты» деп атады. Еске сала кетейік, жер сілкінген Түркияның 10 елдімекенінде 90 күндік төтенше жағдайлар режимі енгізілді. Сондай-ақ елде табиғи апаттан құрбан болғандарға арнап, жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланған.

«Мұндай жағдайда қателіктің кеткенін мойындау керек. Дегенмен, жойқын соққыға әрқашан дайын жүру мүмкін емес», – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

«Көмек барлық елдімекенге уақытылы жетпей жатыр» дейді Антакья қаласының тұрғындары. Түркияның оңтүстігінде орналасқан бұл жерде 10 мыңдаған халық баспанасынан айырылған. Десе де, дүйім ел ет жақындарын аман алып қалатындарына сенеді. Олар бүкіл әлемдегі халықаралық ұйымдардан көмек жіберуді сұрады. Қара жамылған халық ең болмағанда үйінді астынан шырылдаған балаларын аман алып қалсақ деген жан-айғайын жеткізді.

«Біз төртеу едік. Екеуін ғана құтқара алдық. Қалған екеуі әлі үйінде астында жатыр. Біз олардың дауысын естіп отырмыз. Бізге құтқарушылар керек. Бүкіл әлемнен «балаларымызды аман алып қалуға көмектесіңіздерші» деп сұраймыз», – деді Антакья қаласының тұрғыны Абдулкадер Баракат.