Ресей мен Украина бейбіт келіссөздің кезекті раундын Стамбулда өткізеді

29.03.2022 в 15:47

Ресей әлі де Украина өзін бейтарап ел деп жариялағанын күтіп отыр

Бүгін Ресей мен Украина бейбіт келіссөздің кезекті раундын Стамбул қаласында өткізеді. Түркияның сыртқы істер министрі бұл кездесу оң нәтиже береді деп үміттеніп отыр. Қазір Украина билігі Киев маңындағы қоршауға алынған Ирпень қаласын кері қайтарғанын мәлімдеді. Ал «Үлкен жетілік» елдері ресейлік газ бен мұнайды рубльмен сатып алудан бас тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

 

Бүгін екі ел тағы да ымыраға келуге тырысады. Британдық басылымның жазуынша, делегациялардың кезекті кездесуі Стамбулда өтеді. Бірақ Ресей әлі де Украина өзін бейтарап ел деп жариялағанын күтіп отыр. Егер бұл талап орындалса, Кремль Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір. Киев өз тарапынан халықаралық қауіпсіздік кепілдігін алу үшін НАТО-ға кіруден бас тартуы мүмкін. Бұған дейін Владимир Зеленский Ирпень қаласын басқыншылардан азат еткенін және бұл қаланың да тас-талқаны шыққанын хабарлаған еді. Ал Марипуольде жағдай әлі қиын, қаза болғандар саны 5 мыңнан асты дейді Украина Президенті.

«Біздегі мәліметке сәйкес, 2 мыңнан аса баланың қайда екені белгісіз. Өйткені Мариуполь әлі қоршауда. Ал ресейлік әскер ондағы тұрғындарды эвакуациялауға мұрша бермей отыр. Халық қаланы тастап шығайын десе, күшпен кері қайтаруда. Гуманитарлық көмек жеткізу мүмкін емес. Атыс салдарынан қаза болған әскерлердің денелері көшеде, аулада жатыр. Біздің сарбаздар жараланғандар мен халықты ол жақтан тастап шығудан бас тартуда», - деді Украинаның президенті Владимир Зеленский.

Бұған дейін Ресей тарапы Еуропаға мұнай жеткізгені үшін рубльмен есеп айырысатынын мәлімдеген еді. Бұл талапқа «Үлкен жетілік» елдері келіспей отыр. Бұл туралы Германияның энергетика министрі Роберт Хабек мәлімдеді. Өйткені бұл мемлекеттер Ресей талабын «біржақты» деп санайды.

«Үлкен жетілік» елдерінің министрлері бұл шешім қолданыстағы келісімшарттарды анық бұзады деп есептейді. Олар жасалған келісімдердің жарамды екенін және компаниялар оған адал болуы керек екенін талап етіп отыр. Рубльмен төлеу қабылданбайды және зардап шеккен компанияларды Ресей талабын орындамауға шақырамыз», - деді Германияның энергетика министрі Роберт Хабек.

Ал Ресей билігі бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. Еуропа газ бен мұнайды рубльмен сатып алудан бас тартқанымен, көрші ел өз шешімін өзгертпейді. Өйткені бұл қадам Ресей валютасын қолдауға бағытталған шара дейді экономистер. Ал Дмитрий Песков қазіргі жағдайда көгілдір отынды батысқа жеткізу қиын үрдіс екенін алға тартты.

«Біз газды ешкімге тегін бермейтініміз анық. Біздің жағдайда жалпыеуропалық қайырымдылықпен айналысу екіталай және ақылға қонымсыз. Өйткені көгілдір отынды жеткізу процесі өте күрделі. Бұл дүкеннен тауар сатып алып, ақысын сол жерде төлей салғанмен бірдей емес», - деді РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ал бүгін еліміз Украинаға тағы гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Алматыдан тікелей Катовице қаласына ұшқан әуе бортына 17 тоннадан аса жүк тиелді. Оның ішінде азық-түлік, төсек-орын жабдықтары сынды қажетті заттар бар. Ұшақ кері қайтарда Украинадан Польшаға келген бірнеше қазақстандық азаматты отбасы мүшелерімен бірге елге жеткізетін болады.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы