Украинадан кеткен азаматтар саны 600 мыңнан асты

02.03.2022 в 18:55

Ресей Қорғаныс министрлігі Украинадағы 67 әскери нысанның жойылғанын айтты

Әскери қақтығыс салдарынан Украинадан кеткен азаматтардың саны 600 мыңнан асты. Мұндай ақпарды Біріккен Ұлттар ұйымы растап отыр. Бұл ретте Шығыс Еуропа мемлекеттері босқындарды қабылдауға дайын екенін жеткізді. Мысалы, Германияның Ішкі істер министрлігі тыныштық іздеген украин азаматтарына 3 жылға дейін ешқандай растауды талап етпестен, қорған бола аламыз дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Еуропарламенттің депутаттары күні кеше Брюссельде кезектен тыс отырыс өткізді. Жиында Ресей агрессиясын айыптап, соғысты тоқтатуды талап ететін арнайы қарарға 637 саясаткер дауыс берген. Сондай-ақ резолюцияда депутаттар Ресейден мұнай мен газ алуды шектеу, оған инвестиция құюды тоқтату мен Федерацияны әлемдік SWIFT жүйесінен өшіруді талап етіп отыр.

«Бүгін таңертең Бостандық алаңына екі зымыран соққы жасады. Құрбан болғандардың саны оннан асты. Бұл – еркіндіктің бағасы», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Бүгін Ресей Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы арнайы операция аясында Украинадағы 67 әскери нысанның жойылғанын айтты. Одан бөлек, өнеркәсіп пен мәдениеттің орталығы саналатын Херсон қаласы да толық бақылауға өткен. Ресейдің қорғаныс күштері әскери іс-қимылдың жетінші күнін Харьков пен Житомирге, сондай-ақ ел астанасы Киевке зымырандық соққы жасап жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Рейтер ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі бүгін Беларусь пен Польша шекарасындағы Брест облысында өтуі мүмкін. Кездесуге Украина делегациясынан тағы 2 өкіл қосылады деп жоспарланып отыр.

Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы