Келіссөз, гуманитарлық көмек, қазақстандықтар: Украинадағы жағдайға шолу

04.03.2022 в 19:54

Бүгін Украинада қалған 23 қазақстандық жүк көлігі шығарылды

Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздің екінші раунды аяқталды. Әзірге екі тарап кейбір секторда қақтығысты тоқтатуға келісті. Өйткені гуманитарлық дәліздер ұйымдастырылып, ұрыс жүріп жатқан аймақтарға дәрі-дәрмек жеткізіледі. Екі ел жақын күндері кезекті келіссөзді бастауға уағдаласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Энергодар қаласында орналасқан, Еуропадағы ең ірі Запорожье атом электр стансасын бүгін түнде Ресей әскері атқылап, соның салдарынан өрт шыққан еді. Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мәлімдеді. Қазіргі уақытта қызыл жалын ауыздықталған. Осындай қақтығысты тоқтату мақсатында бейбіт келіссөздің екінші раунды өткен еді. Беларусь мемлекетінің Беловеж орманында өткен кездесу нәтижесінде екі тарап бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз құрып, ұрыс жүріп жатқан жерлерге дәрі-дәрмек жеткізуге келісті.

«Тараптардың ұстанымдары нақты әрі анық. Кей мәселелер бойынша ортақ шешімге келдік. Бүгінгі келіссөзде қарастырылған басты мәселе – ұрыс жүріп жатқан жерлердегі бейбіт тұрғындарды құтқару. Тараптар осындай аудандардан халықты эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз құруға келісті. Менің ойымша, бұл үлкен жетістік», - деді Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский.

Сондай-ақ әскери операция жүріп жатқан жерлерде адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін атыс уақытша тоқтатылуы мүмкін. Осы мақсатта арнайы байланыс арналары ашылып, тиісті логистикалық жұмыстар жүргізілмек. Әзірге осылай келіскен екі тарап жақын күндері бейбіт келіссөздердің үшінші кезеңін өткізуге уағдаласты. Онда уақытша бітім қарастырылуы мүмкін.

«Өкінішке қарай, біз кей мәселе бойынша қалаған нәтижемізге қол жеткізе алмадық. Бастысы, гуманитарлық мәселелерді жан-жақты талқыладық. Себебі қазір көп қала қоршауда. Ол жерлерде азық-түлік пен дәрі-дәрмек жетіспей, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау өте қиын. Бейбіт келіссөздердің үшінші кезеңін жуық арада өткіземіз», - деді Украина делегациясының басшысы Михаил Подоляк.

Айта кетсек, бүгін еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және үшінші елдердің мемлекеттік органдарының көмегімен Украинадан шыға алмай қалған 23 қазақстандық жүк көлігі шығарылды. Тағы 7 жүк көлігі Польша шекарасында тұр. Украинаның орталық және шығыс аймақтарында қалған 26 көлік жүргізушісіне қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ түнде Украинадағы қазақстандықтар мінген үшінші ұшақ түнде Нұр-Сұлтан әуежайына келіп қонды. Әуе бортында шамамен 130-дан аса жолаушы болған.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы