Тыныштық режимі, НАТО ұстанымы, санкциялар: Украинадағы жағдайға шолу

05.03.2022 в 21:19

Бүгінде Украинада жағдай ушығып барады

Ресей Украинада тыныштық режимін жариялады. Бұл туралы Ресейдің қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Бұған дейін 3 наурыз күні екі ел келіссөз барысында дәліз құру туралы шешім қабылдаған еді. Осыған байланысты бүгін Мариуполь мен Волноваха қалаларындағы бейбіт тұрғындарды эвакуациялап, гуманитарлық көмек беретін дәліз ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде Украинада жағдай ушығып барады. Зымыран соққыларының салдарынан қаза болғандар саны 188-ге жетті. Олардың жартысынан көбі – бейбіт тұрғындар мен балалар. Бұл туралы Харковь облысының полициясы мәлімдеді. Бұған дейін екі ел келіссөзде бірқатар сектор бойынша ымыраға келген еді. Осыған байланысты бүгін Ресей Украинада тыныштық режимін жариялап, эвакуациялау мен гуманитарлық көмек үшін екі қалада дәліз ұйымдастырды. Ал НАТО-ға мүше мемлекеттер әскери қақтығысқа араласпайтынын ашық айтып отыр.  

«Біз Украинаның жеріне де, әуе кеңістігіне де кірмейміз деп нақты айттық. Әрине, біз НАТО-ның авиациясын Украинаға жіберуімізге болар еді. Бірақ кейін әуе кеңістігінде ресейлік ұшақтармен қақтығысып қаламыз. Біз украиналықтардың жанайқайын түсінеміз. Алайда бұл әрекетке барсақ, көптеген мемлекеттердің қатысуымен Еуропада жағдай шиеленісуі мүмкін деп санаймыз», - деді НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг.  

Брюссельдегі бұл саммиттен кейін Владимир Зеленский НАТО-ның Украина аспанын ашық қалдыруына қатысты шешімін сынға алды. Президенттің айтуынша, аталған ұйым осылайша Украинада әскери іс-қимылдың жалғасуына мүмкіндік беріп отыр.  

«НАТО саммиті өтті. Бұл кездесу Еуропаның басты мақсаты – бостандық үшін күрес емес екенін көрсетті. Енді бүгіннен бастап қаза тапқан азаматтардың бәрі сіздердің әлсіздіктеріңіздің кесірінен көз жұмған болады», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Украинадағы әскери іс-қимылға байланысты «Майкрософт» корпорациясы Ресейде жаңа өнімдерінің сатылымдары мен қызмет көрсетуін уақытша тоқтатады. Бұған дейін САП, Интел, Оракл, Нокиа, Эриксон компаниялары да онда бизнесін доғаратынын жариялаған еді. Сонымен қатар «Роскомнадзор» Ресей аумағында Facebook желісін бұғаттады. Бұл ретте Ресей де шетелдіктерге қарсы санкциялар туралы заңды мақұлдап отыр. Енді өзге ел азаматтарының Федерацияға кіруіне тыйым салынып, активтері бұғатталады. Енді оған президент қол қоюы керек.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы