Жетісу ауданында вакцина алғандар арасында ұтыс ойыны ойнатылды

08.06.2021 в 11:01

Лотерея нәтижелері бойынша 20 адам құнды сыйлықтар алды

Коронавирусқа қарсы вакцина алған тұрғындарға заманауи гаджеттер, тұрмыстық техника мен тау велосипеді ойнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv

Алматыда бағалы сыйлықтар табыстайтын вакцина пункттерінің саны өсуде. Акцияға Жетісу ауданында вакцина алғандар арасында лотерея өтті. Нәтижелері 5 маусымда тікелей эфирде шығарылды.

Жетісу ауданының әкімдігі мұндай лотерея вакцинаға деген қызығушылыққа оң әсер етеді деп үміттенеді.

«Лотереяға қатысу үшін 2021 жылдың 29 мамырынан 4 маусымына дейін Жетісу ауданының екпе орталықтарына вакцинаның бірінші компонентін қою қажет. Нәтижелер 5 маусымда шықты. Барлық үдеріс емханалар тарапынан бақылаушылардың, сондай-ақ вакцина алғандардың  қатысуымен тікелей эфирде көрсетілді», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Лотерея нәтижелері бойынша 20 адам құнды сыйлықтар алды: Samsung S21 мен Samsung A32 телефондары, тау велосипеді, тоңазытқыш, құлаққаптары болды.

Тоңазытқышты М. Досумбекова жеңіп алды, Samsung Buds Live құлаққаптарын Кенжеева А. алды, тау велосипедін Шәкіров Б., Samsung A32 телефонын Гаппарова А. иеленді. Басты жүлде Samsung S21 премиум телефонын Сағидолла Салихов жеңіп алды. Акцияның тағы бірнеше қатысушысына да сыйлықтар берілді. 

Жеңімпаздар жүлделерін алу үшін +7 (701) 993-11-13 нөміріне хабарласуы керек.