Алматы қаласы мәслихат депутаттарының еңбек ұжымдарынан 3000-нан астам адам вакцина алды

11.06.2021 в 11:33

Алдағы уақытта коронавирус вакцинасын алмаған депутаттарға екпе салынатын болады

Алматы қаласы мәслихат депутаттарының еңбек ұжымдарынан 3000-нан астам адам вакцина алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Алматыда мәслихат депутаттары видеоконференция байланыс режимінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинация жөніндегі сарапшысы Ләззат Тасболатқызы Ералиевамен кездесті.

Кездесу барысында депутаттармен иммунология және халықты жаппай вакцинациялау мәселелері талқыланды. Сарапшы Ләззат Ералиева елімізде қолданылатын COVID-19-ға қарсы вакциналардың тиімділігін, сондай-ақ, ауырып жазылған адамдарға қашан екпе жасауға болатыны туралы айтып берді.

«Аурудан кейін адамның иммунитеті тұрақты емес. Сондықтан егер адам ауырып, содан кейін вакцинацияланса, онда иммунитет бірнеше есе артады және жасушаларының арқасында ұзақ болады», – деді Ләззат Ералиева.

Дәрігердің айтуынша, вакцинаны салу – ол коронавирустан қорғанудың жалғыз сенімді, қауіпсіз және тиімді түрі. Сондай-ақ, пікірталас барысында сарапшы тыңдаушылардың көптеген сұрақтарына жауап беріп, коронавирусқа қарсы ұжымдық вакцинация бойынша депутаттармен бірқатар жеке консультацияларды өткізді.

Дәрігердің айтуынша, ауыр сырқаты бар адамдар емдеуші дәрігермен бірге қандай екпе салатынын мұқият таңдау керек. Сонымен қатар, аурудың ықтималдығын азайту үшін барлық ұсыныстарды дер кезінде орындау жөн.

«Қолда бар кез келген вакцинаны таңдауға болады — Қазақстанда тіркелген барлық екпелер тиімді және қауіпсіз. Егер адамның созылмалы аурулары немесе денсаулығының ерекшеліктері болса, дәрігермен кеңесіп, тіркелген төрт екпенің бірін таңдауға болады», – дейді Ералиева.

Профессор ауқымды вакцинациясыз ауруды жеңу мүмкін емес екеніне сенімді, оның пайымдауынша бұл шара бүгінгі таңда ең тиімді және қауіпсіз болып табылады.

Алдағы уақытта коронавирус вакцинасын алмаған депутаттарға екпе салынатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 16 ақпанда Алматы қаласының мәслихат депутаттары коронавирус инфекциясына қарсы ең бірінші болып екпе  салдырған болатын.