Алматыда ірі мекемелердегі вакцина алмаған жұмысшыларды тексеру жалғасып жатыр

30.09.2021 в 19:59

Тексеруші мамандар жұмысшылардың маска тағуын қадағалап, Ashyq мәртебесін тексеруден бастады

Алматыда ірі мекемелерде вакцина алмаған жұмысшыларға тексеріс жалғасуда. Бір ғана Бостандық ауданының мониторингтік топтары осы уақытқа дейін 50-ге жуық жұмыс орнына рейд жүргізіп, түсіндірме жүргізген. Олардың қатарында үлкен сауда орталықтары мен кәсіпкерлік нысандар және мемлекеттік мекемелер бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

«Қазақфильм» мекемесінің алдында тұрған мамандар вакцинаға қатысты тексеріс жұмыстарын бастауға дайын. Ең бастысы, екпе құжатында қауіпсіз деген анықтамасы болса жеткілікті.

Тексеруші мамандар мекемеге кірген бетте жұмысшылардың маска тағуын қадағалап, Ashyq мәртебесін тексеруден бастады. Іштегі қызметкерлердің айтуынша, мұнда 154 маман бар. Соның 70 пайыздан астамы вакцина салдырған.

«Мұнда жұмыс істейтіндердің бәрінің екпе алуға қатысты көзқарасы оң. Олар мәдениет қызметкерлері әрі жоғары білімді болғандықтан, вакцина салғызудың өте маңызды екенін жақсы түсінеді», – деді мекеме қызметкері Данияр Сейфуллин.

Көп ұзамай мамандар 300-ден астам қызметкері бар кәсіпкерлік нысанына тексеріс жүргізді. Маскасыз жүргендерге ескерту жасап, әр жұмысшының Ashyq қосымшасындағы мәртебесін қадағалады. Мұнда ереже бұзушылық анықталмаған.

«Бүгінгі таңда Бостандық ауданында 4 мобилді топ құрылған карантин режимін сақтау бойынша. Күндіз 2 топ, түнде 2 топ жүреміз. Сондай-ақ мұндай шаралар алдағы уақытта жалғасатын болады», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұркен Бекботаев.

Мониторингтік топ өкілдерінің айтуынша, мекеме қызметкерлерінің саны 50-ден асса, вакцинаға қатысты тексерістен міндетті түрде өтеді. Өтпеген жағдайда, бірінші ескерту жасалады, одан барып, айыппұлға дейін тағылуы мүмкін.

Мерей Қанапиянов, Руслан Сүлейман, «Алматы» телеарнасы