Арманжан Байтасов алматылықтарды вакцина алуға шақырады

20.08.2021 в 16:16

Өйткені вакцина – ширек ғасырдан бері әлемді түрлі індеттен аман алып шыққан әдіс

Әлемді жайлаған індет көпшіліктің арман-мақсатын алыстатып, күнделікті тіршілігін өзгертті. Бұл, әсіресе, шығармашылық адамдарына қатысты. Рүстем Нұржігіт алғашында індеттің қауіптілігіне сенімсіздікпен қарағанын жасырмады. Алайда талай жанға ажал құштырған вирусты мойындамасқа амал қалмағандай. Ол пандемия басталғалы үлкен сахнаға шықпай, көрермен ықыласын сағынғанын айтты. Осы жағдайдан шығу үшін өзі алғашқылардың бірі болып екпе алған. Бүгінде көпшілікті де бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Сақтанып, қорғанып жүрген дұрыс деп есептеп жатырмыз. Сол себептен вакцина қойғыздық жанұямызбен. Бұрынғыдай көңіл де жоқ, бұрынғыдай концертке де бара алмайсың. Өйткені қауіпті заман, қауіпті кезеңдер өтіп жатыр басымыздан», – деді әнші Рүстем Нұржігіт.

Арманжан Байтасов вакцина салғызу - әр адамның жеке жауапкершілігі болуы тиіс екенін жеткізді. Вирус жұқтырып, жаны қиналғандарды көзімен көрген кәсіпкер алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды. Өйткені вакцина-ширек ғасырдан бері әлемді түрлі індеттен аман алып шыққан әдіс.

«Екпе алған адам өзін ғана емес, айналасындағыларды да індеттен қорғайды. Өзі байқаусызда коронавирус жұқтырып, білмей қалса, өзгелерге жұқтырмайды. Бұл – өте маңызды. Екпеге қатысты өте көп ақпарат оқып, бүгінде оның тиімділігіне 100 пайыз көзім жетті», – деді кәсіпкер Арманжан Байтасов.

Ал, пандемия кесірінен жұмысы тұралап қалған Әлібек Райымбеков алдымен ғылыми тұжырымдамаларға назар қою керек деген сенімде. Өйткені онымен білім-білігі жоғары ғалымдар айналысады. Жаппай иммунитет қалыптасқанда ғана бұрынғыша сауық-сайран құрып, әркім өз жұмысын кедергісіз істейді деген пікір білдірді.

«Тығырықтан шығудың жалғыз жолы бар. Ол-өзіңе және ғылымға сену. Өйткені адамдардың сауатсыздығы мен өзімшілдігі өлімге әкеп соғады. Бұлай жалғаса берсе, жақындарын жоғалтқанддар саны арта бермек. Дабыл қағатын кез келді», – деді кәсіпкер Әлібек Райымбеков.

Алматы қаласында соңғы тәулікте 1 555 адам коронавирус жұқтырған. Инфекциялық стационарларда 6 мың 336 науқас емделіп жатыр. Ал 452 адам реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде.

Жанар Ғаниқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы