Алматылықтарды екпе алуға шақырамын – қала тұрғыны

03.05.2021 в 18:11

Бүгінде қала аумағында 205 вакцинациялау пункті жұмыс істеп тұр

Алматыда мерекедегі демалыс күндеріне қарамастан, сауда орындары мен емханаларда вакцинациялау пункттері үзіліссіз жұмыс істеді. Қала бойынша 1 ақпаннан бастап бүгінге дейін 222 754 адам екпе алды. Оның ішінде 2726-ы  QazVac вакцинасын салдырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Коронавирусқа қарсы екпе салдыруға келген қала тұрғыны алдымен сауалнама толтырады.  

«Вакцина салуға келгендерден қазіргі жағдайы қандай, вакцинадан аллергия болды ма, созылмалы аурулары бар ма, соны анықтап сұраймыз. Вирус жұқтырған адаммен байланыста болды ма, болған жоқ па, оны да біліп алуымыз керек. Осы сұрақтардың жауабына байланысты екпеге рұқстамызды береміз», – деді жалпы тәжірибелік дәрігер Мария Тілеуімбетова.

Айгерім Төлеуханова – індеттің ілмегіне іліккен жан. Бүгін ол вакцинаның екінші компонентін алуға келген. Ол вирусты жұқтырғаннан кейін инфекция ағзасында ауыр өткен өткенін айтады.

«Менде екі жақты пневмония болды. Тоғыз ай өтсе де, әлі күнге дейін иіс пен дәм сезбеймін. Бұл вирустың аса қауіпті екенін басымнан өткерген соң, жақсы білемін. Ал вакцина қауіпті індеттен қорғанудың жалғыз жолы деп білемін. Сол үшін де алғашқылардың бірі болып салдырдым. Барша қала тұрғындарын екпе алуға шақырамын», – деді  қала тұрғыны Әйгерім Төлеуханова.

Бүгінде қала аумағында 205 вакцинациялау пункті жұмыс істеп тұр. Емханаға келген қала тұрғындары ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызды екенін айтады.  

«Мен өз еркіммен екпе алуға келдім. Себебі теледидардан күнде естиміз, ауру жұқтырғандардың саны күн санап өршіп жатыр. Халыққа тегін екпе жасау деген керемет қой. Өз денсаулығымызға өзіміз жауаптымыз», – деді  қала тұрғыны Ольга Шевченко.

«Өз қауіпсіздігім үшін екпе салдырттым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Алдағы уақытта ауырмаймын деп ойлаймын. Иммунитет қалыптастыру үшін бұл дұрыс шешім деп есептеймін», – деді қала тұрғыны Егор мырза.

Дәрігерлер екпенің бірінші компонентін алғаннан кейін алькоголдік сусындар ішпей, барынша күтіну керек екенін айтады. Вакцинадан кейін дене температурасының жоғарылауы, әлсіздік және жүрек айну сынды кері әсерлері болуы мүмкін. «Бұл – ағзаның андидене қалыптастырудағы рективті күші», - дейді дәрігерлер Ал әйел адамдарға алдағы алты ай бойына жүктілікті жоспарламауға кеңес береді.