|
23.08.2021 | 18:13
3405

Вакцина алып, сыйлық ұт: Алматыда ұтылыссыз лотерея 28 тамызға дейін жалғасады

Қазір шаһардағы барлық егу пунктінде Спутник-V және Vero Cell вакцинасы қолжетімді

Вакцина алып, сыйлық ұтып алыңыз. Алматыдағы жекеменшік емханалар екпе салдырғандардың арасында ұтылыссыз лотерея ойындарын өткізіп жатыр. Яғни, егу пунктінен ешкім құр қол қайтпайды деген сөз. Осылайша вакцина салдырғандар қойын дәптерден бастап қысқа толқынды пеш, шаңсорғышқа дейінгі бағалы сыйлықтарға ие болып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Лотерея ойындарының бірі Алатау ауданында орналасқан жекеменшік емханада да өтіп жатыр. Аймақта бірнеше медициналық мекеме тұрғындардың вакцина алудағы белсенділігін арттыру үшін күнделікті ұтыс өткізуді қолға алған. Лотереяға осы емханада екпенің бірінші компонентін алған әрбір азамат қатыса алады. Акция 28 тамызға дейін жалғасады.  

«Жеке кәсіпкерлік медициналық ұйым болғаннан кейін біз де осындай науқан ұйымдастырып, адамдардың вакцинацияға жай келмей, сыйлық алып кеткенін қаладық. Сол үшін осындай науқан жасап жатырмыз. Сыйлықтардың ішінде қысқа толқынды пеш, шаңсорғыш бар. Табақша, тосап ыдысы бар. Тефаль және үтіктер болды», – деді жекеменшік емхана бас дәрігерінің орынбасары Ринат Асылбеков.

Вакцина салдырғандардың бірі қаламсапты қанағат тұтса, Әйгерім Еңсепбаеваның жолы болып, электрлі шәйнекті қанжығасына байлады. Студент жаңа оқу жылында университетке барып, еш кедергісіз білім алу үшін екпе алыпты.

«Бүгін клиникаға келіп, Спутник-V вакцинасын алған болатынмын. Конкурсқа қатысып, осындай электр шәйнегін ұтып алдым. Қала тұрғындарына да қатысуға кеңес беремін. Ұйымдастырушыларға рахмет», – деді Алатау ауданының тұрғыны Әйгерім Еңсепбаева.

Ал, қала бойынша жалпы 160 егу пункті демалыссыз жұмыс істеп тұр. Алматылықтар тұрғылықты мекенжайына қарамастан өзіне ыңғайлы кез-келген вакциналау орнында екпе салдыра алады.  

«Галереяда» сауда орталығында  9 сәуірден бастап ашылдық. Ашылған күннен бастап күнделікті таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейміз», – деді №17 қалалық емхананың аға мейірбикесі Бахарам Бектұрова.

Еліміз бойынша вакцина салдыруда Алматы тұрғындары ерекше белсенділік танытуда. Мұнда өткен бір тәулікте 5 мың адам екпе алған. Ал, жалпы 842 мыңға жуық адам  вакицнаның бірінші компонентін салдырды.  

«Түркіменстан азаматымын. Спутник-V вакцинасының екінші бөлігін алдым өзімнің денсаулығымды қорғау үшін. Қазір денсаулығым жақсы», – деді қала тұрғыны Марал Атамұрадова.

«Мен жарты жыл бұрын коронавируспен ауырып шықтым. Өзімді өте нашар сезіндім. Осы сұмдықты қайта басымнан өткізгім келмегендіктен вакцина алуға келдім», – деді қала тұрғыны Камила Курасова.

Қазір шаһардағы барлық егу пунктінде Спутник-V және Vero Cell вакцинасы қолжетімді. Айта кетейін, қытайлық препаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир