Отандық вакцинаны күттім: алматылықтар «QazVас» вакцинасын алып жатыр

27.04.2021 в 19:20

2021 жылдың 27 сәуіріндегі дерек бойынша Қазақстанда 949 451 адам вакцина салдырды

Алматылықтар коронавирус вакцинасын таңдай алады. Енді екпе салдыруға келген адамға ресейлік «Спутник-V»-мен қатар өзімізде өндірілетін «QazVас» вакцинасы да ұсынылады. Кеше отандық екпенің 6 мың дозасы жеткізіліп, емханаларға үлестірілді. Инактивтік вакцинаның ерекшелігі қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.

Бүгін отандық екпені алуға келушілердің легі көп болды. Бірі екі вакцинаның да айырмашылығы жоқ десе, енді бірі осы күнді асыға күткен. «QazVac»-ты биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі. Оны да ресейлік екпе секілді араға 21 күн салып, екі компонентін қабылдау қажет.

«Мен бұл «QazVac»-ты бір жылдан астам уақыт күттім. Сіздер білесіздер, былтыр наурыз айында бүкіл әлем вакцина іздей бастады. Ең алғашқылары 8-9 айда дайын болса, біздің вакцина 1 жыл 1 айда дайын болды. Яғни, вакцинаға көп уақыт бөлді. Бұл екпенің сапасы биік деген дәлел», – деді журналист Бағдат Қожахметов.

«QazVac»-ты таңдауымның себебі – жалпы өзім Ресейде магистратура оқып келгендіктен, ол жақтың ғалымдарының пікірлерін бәрін білемін, сол себепті де қазақстандық вакцинаны таңдадым. Сенім артамын, сондықтан осыны күттім», – деді«Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров.

«Қазақстандық вакцина шығады дегенді күтіп, осы күнді жоспарлап келіп отырмын. Барлық тексеруден өтіп, салдырып жатырмыз, жағдайымыз жақсы», – деді қала тұрғыны Салтанат Ахметжанова.

Екпе алуға келгендер үшін мұнда жайлы жағдай қарастырылған. Вакцина қабылдап болғаннан кейін түрлі сусындар мен тоқташтардан да дәм татуға да мүмкіндік бар.

«QazVас»  екпесін салу үшін ойын-сауық орталығында мынандай сегіз кабина орналасқан. Олардың әрқайсысында бір-бір медбикеден отырады. Медициналық пункт емхананың барлық талаптарына сай жабдықталған дейді дәрігерлер. Екпе алып болған пациент күту залында отырып, дәрігерлердің қарауында болады.

КазКовидИН – инактивтік вакцина. Вирусты өлтіріп әрі толығымен әлісіреткеннен кейін ғана адам денесіне егеді. Сондықтан денсаулыққа кері әрі зиянды әсерлері жоқ деуге болады дейді дәрігерлер. Салдырғандар арасында денсаулығына байланысты шағым айтушылар болмаған. Ақ халаттылар препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігіне 100 пайыз сенімді.  

«Вакцина ашылғаннан кейін ампула 2 сағаттың ішінде жарамды. «Спутник-V» вакцинасы 1 ампулада 5 доза болатын 5 адамға. Ал, казковидте 1 адамға 1 доза. Егер біріншісін «Спутник-V» алса, екіншісін де соны алады. Біріншісін «QazVас»-ты  алды ма, екіншісін де соны алады», – деді №5 қалалық емхананың жоғары санатты дәрігері  Гүлзат Байзақова

2021 жылдың 27 сәуіріндегі дерек бойынша Қазақстанда 949 451 адам вакцина салдырды

Алматы қаласы - 189 155

Нұр-Сұлтан қаласы - 94 224

Шымкент қаласы - 83 569

Айта кетейік, короновирус вакцинасын салдырған қазақстандықтардың саны миллионғңа жуықтады. Республика бойынша мегаполюс тұрғындары көш бастап тұр. 1 ақпанда вакцинациялау басталғалы бері мұнда 189 155 адам екпе алған. Оның ішінде 39 041-і «Спутник-V»-дің екі компонентін де қабылдаған.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы