Жалақы төленбеуі мүмкін: Қазақстанда екпе алмағандар енді жұмысқа жіберілмейді

11.10.2021 в 19:49

Жаңа тәртіп 17 қазаннан бастап күшіне енеді

Коронавирустан қайтыс болғандардың басым көпшілігі – екпе алмағандар. Бұл дәрігерлер берген мәлімет. Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой антиваксерлер қатары азаймай отырғанын мәлімдеді. Мәселен, биыл 3400-ден аса азамат екпе салғызудан бас тартқан. Егер осылай жалғаса берсе, қайғылы жағдай азаймайтыны рас, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Вакцина – өлімнен құтылудың жалғыз ғана жолы». Осыны әр азамат түсінуі керек. Ал түсінбейтіндер үшін жаңа тәртіп күшіне енбек. 

17 қазаннан бастап елімізде екпе алмағандар жұмысқа жіберілмейді. Бұл қаулыға Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қол қойды. Яғни, күндізгі режимде тек вакцина салғызған қызметкерлер ғана жұмыс істемек. Ал екпе алмаған қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге құқылы. Бірақ онлайн режимде де жұмыс істеу үшін ПТР тестілеудің нәтижесі мен бірқатар медициналық анықтама талап етіледі. Бұл құжаттар болмаған жағдайда, айлық та жүрмейді. Дегенмен билік ешкімді екпе алуға міндеттемейтінін айтады. Бірақ бұл шешім – елдегі белсенді еңбек етуші топ арасында инфекцияның таралу деңгейін төмендетеді дейді мамандар.   

Жұмыс істеуге рұқсат етіледі:

- Вакцина алғандар;

- ПТР-тест нәтижесі «теріс» азаматтар;

- Медициналық қарсы көрсетілім анықтамасы барлар;

- Коронавиурстан жазылғанына 3 ай толмағаны туралы анықтамасы барлар.

«Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында, жұмыс беруші екпе алмаған қызметкерлерден ПТР-тестінің теріс нәтижиесін талап етуі қажет. Немесе қызметкерде денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімін растайтын құжат, коронавиурспен ауырып жазылғанына 3 ай толмағаны туралы медициналық анықтамасы болғаны абзал. Қаулыға сәйкес, тексерістерді мониторингтік топтар жүзеге асырады. Яғни, атқарушы орган алдын ала тізім жасайды. Қызметкерлер саны 50 адамнан асатын және жұмысшылардың 60 пайыздан көбі вакцина алмаған мекемелер тексеріледі», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Айгерім Садубаева.

Қазақстан коронавирусты жұқтырудың төрт толқынын өткерді. Министр Алексей Цойдың мәлімдеуінше, соңғы рет індетті жұқтыру деңгейі артқанда тәулігіне 7 800 жағдай тіркелген. Бас дәрігер барынша қауіпті індеттің алдын алу шараларын атқарғанымен, депутаттар әлі де бірқатар мәселенің назардан тыс қалғанын алға тартады.  Десе де, бас дәрігер эпидахуалдың әзірге бірқалыпты екенін айтады. Мәселен, өткен аптаның басында 2 мыңдай науқас тіркелсе, соңына қарай бұл көрсеткіш біршама төмендеген.

Алматы қаласында әлі де вирусқа шалдыққандар саны көп. Сондықтан дәрігерлер тағы да вакцина салуға шақырады.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы