Алматыда үйге барып екпе салатын жылжымалы бригадалар ұйымдастырылды

29.09.2021 в 22:13

Мобильді екпе бригадасын үйге шақырған науқастарға да вакцинаның үш түрін таңдауға мүмкіндік бар

Алматыда 20 мен 40 жастағы адамдардың ковид жұқтыру қаупі жоғары. Мұны соңғы екі аптада талдау жүргізген мамандар қортындысы көрсетіпті. Ал уақытылы иммундау жұмыстарын жүргізу мақсатында үйді-үйге барып, екпе салатын жылжымалы бригадалар да ұйымдастырылған. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай шақыртулар көбінесе мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы аналардан келіп түседі екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұмагүл Ержанғалиева – екі баланың анасы. Екпе алғысы келеді, десе де, кішкентайлары емханаға барып-келуге қолбайлау болады. Оның үстіне, бір жастан енді асқан бүлдіршінімен көпшілік жерге бару да қауіпті дейді.

«Қала тұрғындарына осындай жағдай жасалған. Мен сияқты баламен отырғандарға өте ыңғайлы. Күйеуім жақында вакцина алған. Енді міне, мен алып жатырмын. Бұл балаларымның денсаулығы үшін қажет», – дейді қала тұрғыны Жұмагүл Ержанғалиева.

Мобильді екпе бригадасын үйге шақырған науқастарға да вакцинаның үш түрін таңдауға мүмкіндік бар. Екпені үй-үйге тасу үшін шағын құты тоңазытқыш қызметін атқарады.

«Әр вакцинаның сақталуы уақыты әртүрлі. Sinofarm мен QazVac вакцинасын арнайы контейнерге салып әкелеміз. Ал «Спутник V» вакцинасы 18 градус салқындықта сақталуы керек. Ол үшін тоңазытқышты үйге апарып, тоққа қосып ерітеміз. Емханадан үйге дейін вакцина құрамы жоғалмайды», – деді №29 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Перизат Әбілдаева.

Алматыда эпидемиялогиялық ахуал өткен аймен салыстырғанда тұрақталған. Мәселен, тамыз айында індеттің ілмегіне іліккендер 1 мыңнан асса, соңғы тәулікте 426 адамның тест қорытындысы оң нәтиже көрсеткен. Бұл туралы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді.

«Бұл пандемияның аяқталғанын көрсетпейді. Алдағы уақытта, ауырғандар санын әлі де азайтуымыз керек. Ол сіз бен бізге байланысты. Екпенің толық екі компонентін алу аса маңызды», – деді қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Айта кетейік, қазір қаладағы базарлар мен сауда орындарында барлығы 160 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Алматыда екпе алғандар саны 948 мыңнан асты. Оның 118 мыңы  60 жастан асқан егде жастағылар.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы