Алматыда өткен тәулікте 3 мың 495 адам вакцина алды

19.07.2021 в 23:22

Вакциналау науқаны басталғалы бері 652 мың 718 алматылық екпенің бірінші компонентін алған

Алматыда отандық QazVac вакцинасы шілде айының соңында қолжетімді болады. Сондай-ақ, бүгінде тағы бір отандық «КазКовак Пи» вакцинасы сынақтың бірінші кезеңінен өтіп жатыр. Алматыда вакциналау қарқыны әдеттегідей жалғасуда. Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы екпе егу пунктіне барып, мән-жайды анықтап қайтқан еді.

Азат Берікұлы 3 жылдан бері қаладағы сауда орталықтарының бірінде тұтынушыларға техника таңдауға көмектеседі. «Күніне жүздеген адаммен тілдесетіндіктен, індетті жұқтыру қаупі жоғары» дейді ол. Сондықтан өзінің және келушілердің қауіпсіздігі үшін алғашқылардың бірі болып екпе салғызыпты.

«Бізге өте көп адам келеді. Сәйкесінше, олардың ауырған не ауырмағанын білмейсің. Сондықтан, өзіңді қауіпті індеттен қорғау үшін, әрине, екпе алған жөн. Бұл – біздің тұтынушыларымыздың денсаулығы үшін де өте маңызды», – деді бөлім менеджері Азат Берікұлы.

Бүгінде шаһарда 212 вакцинация пункті жұмыс істейді. Ал сауда орталықтарының біріндегі бұл екпе егу пунктіне күніне 70-ке жуық адам келеді. Дәрігерлердің айтуынша, осы уақытқа дейін ешкімде асқыну белгілері байқалмаған.

«Қазір мына эпидемиологиялық жағдайға байланысты вакцинация алғаны дұрыс. Өйткені оның зардабы қиын болады. Сондықтан әртүрлі аурулармен ауыратын адамдарға өте қиын өтеді. Сол себепті әр адам вакцинация алғаны дұрыс», – деді №16 қалалық емхананың иммунолог-дәрігері Шырын Мамытова.

Ал алматылықтар вакцинаның маңыздылығын жақсы түсінеді. Бүгін ғана екпе салғызғандар өздерін жақсын сезінетіндерін жеткізіп, алып-қашпа әңгімелерден аулақ болуға шақырды.

«Вакцинаның екіншісін алып жатырмын. Бұның қорқатын ештеңесі жоқ. Өздеріңіздің денсаулығыңыз үшін керекті деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Бақыткүл Тоқышева.

«Бүгін вакцина алуға келдім. Алдымен өзімді және отбасымды қорғағым келеді. Мұның ешқандай кері әсері жоқ. Өзімді өте жақсы сезінемін», – деді қала тұрғыны Рустам Якупов.

Отандық ғалымдар жуырда ғана жаңа вакцина әзірлегенін хабарлаған еді. «КазКоВак ПИ» екпесіне зерттеу осыған дейін жануарларға жүргізілсе, бүгінде сынақ адамдарға жасалып жатыр. Алғашқы кезеңіне қатысуға 44 адам ниет білдірген. Ал екінші кезеңге 200 адам қатыспақ.

«Ары қарай вакцина жақсы нәтиже көрсететін болса, сынақтар әрі қарай жалғасады да, өндіріске беру туралы мәселе шешіледі», – деді биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Лесбек  Күтімбетов.

Айта кету керек, вакциналау науқаны басталғалы бері 652 мың 718 алматылық екпенің бірінші компонентін алған. Ал өткен тәулікте 3 мың 495 адам вакцина салғызды. Шаһардағы эпидахуалдың күрделі екенін ескеріп, вакцина қауіпті індеттен құтылудың жалғыз жолы екенін ұмытпаған жөн!

Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы