Алматыда бір тәулікте вакцина алғандар саны 14 мыңнан асып кетті

08.07.2021 в 21:15

Шаһардың қызмет көрсету мекемелері де жаппай екпе алып жатыр

Алматыда екпе алғандар саны 14 мыңнан асып кетті. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы айда вакцина салғызуға ниеттілер қатары екі есе артқан. Шаһардың қызмет көрсету мекемелері де жаппай екпе алып жатыр. Мақсат – індеттен құтылып, тезірек қалыпты өмірге оралу. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

Мұнда аптап ыстықтан қашқан алматылықтар демалып жүр. Көріп тұрғанымыздай, жаздың қызығына бөленгісі келетіндердің қарасы қалың. Десе де індеттің іргеде екенін ұмытпай, қарапайым санитарлық талаптарды сақтаған жөн. Ең дұрысы, екпе алып, өзіңіз бен өзгелердің денсаулығына жауапершілікпен қарау керек.

Руслан Бекенов хауыз кешенінің басқарушысы. Қарамағында 20 адам жұмыс істейді. Ұжымның 100 пайызы екпе салдырған.  Айтуынша, бүгінде мекемеге күніне 300-ге жуық адам келеді екен. Үнемі көпшілікпен жұмыс істейтіндіктен вакцина алуға асқан жауапкершілік таныттық дейді.

«Біз «Ашық» жобасымен жұмыс істейміз. Демалушылар саны күн сайын артып келеді. Шомылу маусымы басталмас бұрын ұжымымызбен барып, екпе салғыздық. Өйткені өткен жылы талай уақыт табыстан қағылғанымыз есімізде. Ондай жағдай қайталанбас үшін халықты екпе алуға шақырамын», – деді демалыс кешенінің басқарушысы Руслан Бекенов.

Қазіргі таңда Алматыда 212 вакцина пункті жұмыс істейді. Ал, №23 қалалық емхана дәрігерлерінің айтуынша, бұл екпе егу пунктіне күніне 350 адамға дейін келеді. Соңғы айда көрсеткіш екі есе артқан.

«Вакцинация – коронавирустық инфекциядан қорғанудың ең басты бір жолы. Егер де бір үйдің ішінде 5-6 адам тұрса, соның ішінде бір адам ауырса, олардың бәрі екі вакцинаны да алған болса, онда оларда ешқандай симптом болмайды, ауру сезімдері де болмайды, ешқандай аура да  болмайды», – деді №23 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Ағила Әжібай.

Ал, вакцина алған қала тұрғындары өздерін жақсы сезінеді. Олар ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге сенбей, екпе алу керек деген пікірде.

«Телефоннан жіберіп жатыр ғой неше түрлі жалған ақпаратты. Ондай емес. Қазақстанның тұрғындарына айтатын едім, ондай жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Бәріңіз екпе алыңыз», – деді қала тұрғыны Гүлнар Нұржанова.

«Қазір Спутник V деген алдым. Қазір өте жақсы сезініп тұрмын. Қазір емін-еркін өмір сүргіміз келеді. Вакцина алсақ, бұл, әрине, өзіміз үшін. Өзіміздің денсаулығымыз үшін алдық. Әйелім де алды», – деді қала тұрғыны Сұңқар Қайдашев.

Айта кетейік, шаһарда екпе салғызу қарқыны артпаса, бәсеңдеген жоқ. Мәселен, өткен тәулікте ғана 14 мың 66 алматылық вакцина алған. Ал,  1 ақпаннан бері коронавирус екпесін салғызғандардың саны 548 мың 265 ке жетті.

Жанар Ғаниқызы, Рәшид Шүкірәлиев, Ялкунжан Ашимжанов «Алматы» телеарнасы