Қазақстанға педофилдер, экстремистер мен лаңкестер кіргізілмейді

14.02.2024 в 19:55

Заң жобасына Парламент Мәжілісінің депутаттары бірқатар түзету енгізді

Қазақстанға шетелдік педофилдер мен лаңкестік іске қатысты барлардың кіруіне заңмен тыйым салынбақ. Мәжіліс депутаттары бүгін осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәжіліс отырысы Мәди Тәкиевтің депутаттық өкілеттігінің тоқтауымен басталды. Министр болғанынақатты қуанғандықтан ба, әйтеуір мінберге шығып, экс-әріптестерімен қоштасарда қобалжыды. Сөз соңында өзін қатты сынамауды өтінген министр 1,5 миллион теңгеден астам жалақы алады.

– Ерлан Жақанұлы, сізге рақмет. Алыс кеткен жоқпын. Осы трибунаға жиі келіп тұрамын, қатты сынамайтын шығарсыздар деп ойлаймын, рақмет! – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Жаңа министрді шығарып салғаннан кейін, депутаттар халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заңға өзгеріс енгізетіні белгілі болды. Бұл заң жобасына сәйкес кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмысы үшін сотталған шетелдіктер, сондай-ақ экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге Қазақстанға кіруін шектеу көзделген.

– Жоғарыда аталған жаңалықтарды іске асыру заңнамадағы бар олқылықтарды жою, көші-қонды неғұрлым тиімді бақылауды қамтамасыз етеді және халықты құжаттандыру рәсімдерін жақсартады. Заң жобасына жұмыс тобының отырысында Парламент Мәжілісінің депутаттары бірқатар түзету енгізді, – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов.

Сонымен қатар заң жобасында қандас мәртебесін алуды жеңілдету қарастырылған. Яғни, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этникалық қазақтардың жеке отбасы мүшелері, қандастардың жесірлері және олардың ортақ балалары кіреді.

– Отағасы қайтыс болып кетіп, балаларымен қосыла алмай қалған жағдай кездескен. Осыған байланысты олар жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Жарқынбек Амантайұлы.

Осылайша, аталған заң жобасын мәжіліс депутаттары қабылдап, сенаттың қарауына жіберді.

Айта кетейік, біздің елде азаматтық алу аса қиын емес. Ең алдымен қазақ тілін қарапайым деңгейде білу керек. Конституцияның негіздері мен Қазақстанның тарихынан хабардар болуы шарт.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана 

Оқи отырыңыз: Кеншілерден ақша бопсалаған қылмыстық топтың тағы 8 адамы ұсталды