Қазақстандықтар жұбайының келісімінсіз несие ала алмайды

20.03.2024 в 21:50

Мәжіліс аталған құжатты қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді

Қазақстандықтар жұбайының келісімінсіз несие ала алмайды. Бүгін Мәжіліс депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша заңға өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

«Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, азамат несие рәсімдер алдында қарыз көлемі белгілі бір сомадан асқан жағдайда ғана рұқсат алуы керек. Мәжілісмен Берік Бейсенғалиевтың айтуынша, келісім беру үшін отбасы мүшесі банкке барып жүрмейді, тек хабарламаға жауап берсе болғаны.

– Аз микроқаржыларға келісім алмайды. Келісімнің деңгейі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құжаты арқылы белгіленеді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев.

Сонымен қатар аталған заңда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін түсіру көзделген. Ел арасында «айлыққа дейін», «микрозайм» деп аталып кеткен қаржы ұйымдарының пайызы күніне 0,4 пайыз еді. Оны бір жылға көбейткенде 146 процент шығады. Енді көрсеткіш бірнеше есе төмендетілмек.

– Біздің жоспарымыз бойынша 2-деңгейлі банктер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 42 пайызға, микроқаржы ұйымдарына 50 пайызға дейін түсіруі керек. Былтырғы деңгеймен салыстырсақ, орташа есеппен 313 пайыз болса, ол 50-ге дейін түссе,  көптеген қарыз алушыға көмек болады деп ойлаймыз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев.

Мәжілісменнің айтуынша, кредит аларда жұбайының рұқсатын алу тәжірибесі бұрыннан бар. Бірақ ол кезде тек автокредит пен ипотека рәсімдер алдында нотариус арқылы беріліп жүрген. Енді бұл процесс жеңілдетілді. Сонымен қатар өзгертілген заң аясында 2026 жылға дейін банк борышкерлерінің қарызын коллекторлық агенттіктерге сатуға мараторий енгізіледі. Жылыту маусымында 1 немесе 2-топтағы мүгедек адамдар тұратын отбасыларды үйден шығаруға тыйым салынған.

Айта кетейіr, бүгін Мәжіліс аталған құжатты қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстандық тауарлардың бірыңғай реестрі жасалады